
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауда 2024 жылдың желтоқсанында ашылған Шахмат үйіне арнайы барып, ондағы оқу-жаттығу жиындары мен шеберлік сабақтарына қатысып жатқан спортшылардың дайындығымен танысты.
Кездесу барысында Президент шахматтың стратегиялық ойлау қабілетін, тәртіп пен жауапкершілікті дамытатынын атап өтті. Жас спортшыларға үлкен сенім артып, олардың ел намысын лайықты қорғап шығатынына сенім білдірді.
Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат тақтасына естелік қолтаңбасын қалдырды.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 19–30 қыркүйек аралығында Алматыда өтеді. Ауқымды додаға 88 елден 851 қатысушы келеді, оның ішінде Қазақстаннан — 231 жас шахматшы бақ сынайды.