Білім саласына ЖИ енгізу тұжырымдамасы қабылданды: ЖИ педагог орнын алмастыра ала ма?

Білім саласына алдағы 5 жылда ЖИ-ді енгізіледі. Оқу ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы тұжырымдаманы бекіткен. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Білім саласына ЖИ енгізу тұжырымдамасы туралы
«Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025–2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл құжат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес әзірленген. Тұжырымдамаға сәйкес білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітілген. Сонымен бірге құжатта этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелері қамтылған.
Тұжырымдамаға мектептер ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары да енгізілген. Министрлік осы құжат негізінде жасанды интеллектіге арналған арнайы тақырыптарды оқу процесіне енгізуді көздеп отыр. Бұдан бөлек заманауи цифрлық оқулықтар шығарып, оқушылардың ЖИ бойынша сауаттылығын қалыптастыру көзделген. Сондай-ақ педагогтердің де кәсіби деңгейін арттыру жоспары бар. Оған сәйкес ұстаздардың біліктілігі Acquire → Deepen → Create үшсатылы үлгісі бойынша жетілдіріледі.
Тұжырымдамада сонымен бірге баланың құқықтарын қорғау мен мұғалімнің кәсіби беделін сақтау мәселесіне айрықша мән берілген. Яғни мектептер мен колледждерде жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты этика мен академиялық адалдықтың ортақ қағидалары бекітілген.
ЖИ педагог орнын алмастыра ала ма?
Ғани Бейсембаев ЖИ салаға енгізіліп жатқанымен жасанды интеллектінің педагог орнын алмастыра алмайтынын айтты.
«Бірлескен бұйрыққа қол қою – еліміздің білім беру жүйесін дамытудың жаңа белесі. Тұжырымдама стратегиялық басымдықтарды нақтылап қана қоймай, оны іске асырудың айқын механизмін, мониторинг жүйесін және жол картасын бекітеді. Бұл жасанды интеллектіні мектептер мен колледждерде жүйелі әрі қауіпсіз енгізуге жағдай жасайды. Жасанды интеллект педагогтің орнын баспайды, қайта оның рөлін арттырады. Себебі, білім беру процесіндегі түпкілікті шешімдерді адам қабылдайды», – деді министр Ғани Бейсембаев.
Ал Мәдиев бұл тұжырымдаманың оқу бағдарламаларын цифрлық жаңғыртуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу – Қазақстанның ауқымды цифрлық жаңғыру стратегиясының құрамдас бөлігі. Біз балалар мен жастардың тек заманауи құралдардың қолданушысы емес, солардың құрастырушысы болуына мүмкіндік ашып отырмыз. Ұсынылып отырған тұжырымдама – болашақ технологияларын еркін меңгерген, сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен академиялық адалдықты сақтаған жаңа буынды қалыптастыруға жол ашады», – деді министр.
Еске сала кетсек, 8 қыркүйек күні президент Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Өз жолдауында Тоқаев ЖИ негізінде «Қазақ Digital» мектебін құруды ұсынған болатын және саланы цифрландыруды тапсырды.