Елде БҰҰ бағдарламасы негізінде су ағынын бақылайтын платформа іске қосылған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Елде БҰҰ даму бағдарламасы негізінде су ағынын бақылауға арналған платформа жұмыс істейді / Фото: kursiv.media архив

Қазақстанда БҰҰ даму бағдарламасы негізінде су ағынын бақылауға арналған платформа жұмыс істей бастады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Әбдірайымов айтты.

«2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда БҰҰ даму бағдарламасы қолдауымен заманауи TALSIM-NG гидрологиялық және гидравликалық моделі бейімделуде. Платформа өзен бассейндерін модельдеуге, су қоймаларын басқаруға және әртүрлі климаттық және су шаруашылығы жағдайларында ағынды болжауға арналған», – деді министрлік өкілі.

Бұл платформа су тасқыны қаупі кезінде өзендердің жағдайын бақылап отыруға көмектеседі.

103 канал жаңғыртылып, автоматтандырылады

Сонымен бірге министрлік өкілі 2026 жылдан бастап елдегі 103 каналдың реконструкцияланып, автоматтандырылатынын хабарлады. Бұдан бөлек 264 каналға қатысты жобалау-сметалық құжат дайындалып, жаңғырту жұмыстары 2028 жылға дейін аяқталады.

«Бұл 2030 жылға қарай су инфрақұрылымы объектілерінің кемінде 40%-ын цифрлық технологиялармен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Аслан Әбдірайымов.

Айта кетсек, президент өз жолдауында салада жағдай мәз емес екенін айтып, су ресурстарын үнемдеу үшін саланы цифрландыруды тапсырды. Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде де Тоқаев елде су мүлде үнемделмейтінін, тең жартысы топыраққа сіңіп кетіп жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз