
Қазақстандағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 2,2 млн адамның жұмысы заманауи технология түрлерімен автоматтандырылуы мүмкін. Соның ішінде 1 млн адам ЖИ үшін жұмыстан айырылуы мүмкін. Бұл мәселе Мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды.
Министрлік зерттеуі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафиннің айтуынша автоматтандыру және ЖИ технологиялар еңбек нарығын айтарлық өзгертеді.
«Министрлік ЖИ-дің Қазақстандағы еңбек нарығына қалай әсер ететіні жөнінде зерттеу жүргізді. 423 кәсіп бойынша талдау жасалды. Анализ талдауына сәйкес, шамамен 25% яғни 2,2 млн адамның жұмысы автоматтандырылу мүмкін. Олардың ішінде 1 млн-нас астам адамның жұмысын ЖИ алмастыра алады», – дейді вице-министр.
ЖИ қай сала мамандарын алмастырады?
ЖИ мына салаларда істейтін мамандардың орнын алмастыруы мүмкін:
- қаржы;
- ақпараттық технологиялар;
- ғылым;
- денсаулық.
Қандай қалаларда жұмыссыз қалу тәуекелі жоғары?
Сонымен бірге мына қалаларда жұмыс істейтін мамандардың орнын ЖИ алмастыруы мүмкін. Тәуекелі жоғары қалалар мыналар:
- Алматы;
- Астана;
- Шымкент.
Мамандар жаппай жұмысынан айырыла бастай ма?
Десе де, министрлік өкілі азаматтардың жақын арада жаппай жұмысынан айырыла қоймайтынын айтады. Кәсіпорындарға ЖИ-дің дендеп енгізілуіне елдегі еңбек құнының төмен бағаланатыны әсер етуі мүмкін.
«ЖИ жаппай азаматтарды жұмыстан ығыстырады деп күтілмейді. Себебі елде еңбек құны төмен бағаланады. Сол себепті автоматтандыру баяу жүреді. Компаниялар ЖИ-дің экономикалық тұрғыдан тиімділігін толық тексеріп барып, саланы автоматтандыруға көшеді», – дейді Анафин.
ЖИ кейбір мамандардың жұмысын алмастырғанымен мынадай жаңа кәсіп түрлеріне сұраныс артады:
- дрон операторлары;
- робототехника мамандары;
- киберқауіпсіздік жөніндегі мамандар және т.б.