Жаңалықтар

Маңғыстауда екі бірдей әкім орынбасары есірткі қылмысымен ұсталды

Маңғыстауда ұсталған күдіктілердің қатарында Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары мен Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары бар / фото: KursivMedia мұрағаты
Маңғыстауда ұсталған күдіктілердің қатарында Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары мен Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары бар / фото: KursivMedia мұрағаты

Маңғыстауда екі бірдей әкім орынбасары есірткі қылмысымен ұсталды. Жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында арнайы операция өткен.

Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Маңғыстау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері өңір әкімдігінің қолдауымен есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен Мұнайлы ауданының үш тұрғынын ұстады. Күдіктілердің қатарында Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары мен Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары бар», – делінген хабарламада.

Әкімдіктің ақпаратынша, бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып кеткен. Аудан әкімінің орынбасары уақытша ұстау изоляторына қамалса, өзге күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып жатыр. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберіліп, тергеу амалдары жүргізілу үстінде.

Арнайы операция Маңғыстау облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізіп жатқан «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті.

Қазақстанда есірткімен байланысты қылмыс саны 3%-ға өсіп отыр.