Жаңалықтар

Қонаев қаласы 55 жылдығын 6 күн бойы тойламақ

Қонаев қаласының іргетасы қаланғанына биыл 55 жыл / фото: KursivMedia мұрағаты
Қонаев қаласының іргетасы қаланғанына биыл 55 жыл / фото: KursivMedia мұрағаты

Қонаев қаласы 55 жылдығын 6 күн бойы тойламақ. Биыл Қонаев қаласының іргетасы қаланғанына осынша жыл болған.

Қонаев қаласының әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері алғаш рет Қала күні кең көлемде аталып өтпек.

«Мерекелік бағдарлама алты күнге жалғасады. 22-27 қыркүйек аралығында қала тұрғындары мен қонақтары мәдени, спорттық, танымдық іс-шараларға қатысып, ерекше мерекелік атмосфераны сезінетін болады», – делінген хабарламада.

27 қыркүйекке арналған бағдарлама өте қызықты. Сағат 11.00-ден 21.00-ге дейін жалғаспақ. Гала-концерт аясында ұзындығы 30 метр болатын алма бәліші дайындалады. «Алма бәліші» фестиваліне түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қатысады.

Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта балаларға арналған тегін ойын алаңдары, сурет көрмелері, фото-аймақтар, TikTok алаңдары мен түрлі инсталляциялар орнатылады. Қала кәсіпкерлері өз өнімдерін таныстырып, жергілікті өндіріс әлеуетін көрсетеді.

Сондай-ақ, мерекелік театрландырылған қойылым көрсетілмек. Онда қала тарихы сахналанып, әсерлі мотошеру болады. Ардагерлер құрметтеліп, шомылу маусымының қорытындысы және «Таза аула» байқауының жеңімпаздары марапатталады.

Қазақстандық жұлдыз Мирас Жүгінісов пен Bellucci тобы кеш сахнасына шығады.

Айта кететін жайт, Қапшағай іргесіндегі «Көшпенділер қалашығы» Қонаев қаласының меншігіне өтті.