«Жығылғанға – жұдырық» – эколог қоқыс полигонындағы өрт туралы (видео)

Алматының іргесіндегі қоқыс полигонының өртеніп жатқанына төртінші күн болды. Экологтар улы түтіннің зияны туралы дабыл қағып жатыр.
Бұл өрттің түтіні Алматы, Қапшағай және жаңа бой көтергелі отырған Алатау қаласына жетті.
«Тұншығып жатырмын»
«Өкінішке қарай, қоқыс қасында тұрмын. Тыныс ала алмай, тұншығып жатырмын. Бірақ ол жерде адамдар тұрып жатыр. Осы полигонның қасында трасса бойында қаншама тұрғын үй кешендері бар», – дейді қапшағайлық Талғат Бұхарбаев.
Тіпті, алматылықтар да улы түтінге шағым айтып жатыр.
«Зиянды газ бар»
Үш қаланың экологиясына тигізіп жатқан түтіннің зияны мен қоқыстан құтылудың шешімі туралы эколог Әділ Қасым KursivMedia-ға пікір білдірді.
«Бізде тыныс жолы ауруларымен ауыратын адамдар көп. Алматыны алып қарасаңыз, бұл қаланың ауасы онсыз да жетісіп тұрған жоқ. Көліктер бар. ЖЭС-тер бар. Әлі де газдандырылған жоқ. Әрине, мұның адам баласына әжептеуір зияны бар. Өзім Алматыда тұрамын. Улы түтін Алматыға дейін жетті. Кәдімгідей сезілді. Әрине, қаншама улы, зиянды газ бар», – деді эколог.
«Жаңбыр жақсы болды»
Оның пікірінше, үш қаланың тұрғындарының денсаулығына әсер етіп, жығылғанға жұдырық болып отыр.
Алматыдағы толассыз жаңбыр жауа бастады. Эколог бұл жайттың өртті сөндіруге, ауаны тазартуға септігі тиетінін алға тартты.
«Жаңбыр жауып жақсы болды. Әрине, көмегі бар. Ауа циркуляциясы болады», – дейді эколог.
Түйткілдің шешімі
Маманның пікірінше, мұндай экологиялық апаттардың алдын алуға болады. Оның заманауи амалдары бар.
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге инвестиция тартылып жатыр. Үш зауыт салу мәселесі қарастырылуда. Үкімет, құзырлы министрліктер қолға алса, өте жақсы болар еді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге қатты мұқтажбыз. Бізге осындай зауыттар керек. Қазіргі таңда бұл мәселені шешуге жұмыс жасалып жатыр. Инвестиция тартылып жатыр. Келешекте бәрі жақсы болады деп үміттеніп отырмыз», – деді Әділ Қасым.
Айта кететін жайт, Алматы облысында өртеніп жатқан қоқысты сөндіруге басқа облыстардан құтқарушылар келді.