
Қазақстандағы «Актив Ломбард» желісіне тиесілі «Актив Маркет» дүкендерінің жұмысы тоқтатылды. 200-ге жуық филиалы бар ұйым комиссиялық дүкендер ретінде жұмыс істеп, заңсыз несие берген. Желі иесі С.Койнов және тұтқындалды, тағы 15 адам күдікке ілінді деп хабарлады Қаржы агенттігі мониторингінен.
Агенттік дерегінше, «Актив Ломбард» желісінің иесі сенімді адамдарына «Актив Маркет» брендімен тіркелген бірнеше компания рәсімдеген. Олар тауарлар мен тұрмыстық техниканы қабылдайтын комиссиялық дүкен ретінде көрсетілген. Бірақ іс жүзінде лицензиясыз ломбардтық қызмет атқарып, мүлікті кепілге қою арқылы қарыз берумен айналысқан.
Комиссиялық дүкендер мен ломбардтар бір ғимаратта орналасып, бір персоналды пайдаланған.
«Заңнамаға сәйкес, қысқа мерзімді қарыздар (45 күнге дейін) бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі тәулігіне 0,3%-дан аспауға тиіс. Алайда Койнов С.С.-тың компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен қарыз берген, бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық», -деп хабарлайды агенттіктен.
3,5 млрд қаржы заңсыз алынған
Соның нәтижесінде жүз мыңдаған азамат, соның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарызға батқан. 3,5 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз өндірілген.
Түскен кірістерді одан әрі заңдастыру үшін Койнов С.С. байланысы бар компаниялармен жалған келісімшарттар рәсімдеген. Оның жалпы сомасы – 1,9 млрд теңге. Кейін бұл қаражат жеке депозиттік шотына дивиденд түрінде аударылған.
Қазіргі уақытта барлық өңірлерінде 200-ден астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
«Филиалдар уақытша жабық»
Атап өту керек, бұл тергеу «Актив Ломбард» желілерінің жұмысын тоқтатқан жоқ, филиалдары ашық.
«Микрокредиттік қызметпен айналысатын кәсіпкерлерді қарыз алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтауға шақырамыз. Азаматтардан заңсыз жоғары сыйақы мөлшерлемесін алған жағдайда кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады», – деп ескертеді агенттіктен.
Tengrinews тілшісі «Актив Ломбард» филиалдарының біріне хабарласқанын жазады. Қызметкерлердің сөзінше, қазір компания филиалдары уақытша екі күнге жабылған.
«Қазір барлығы жабық. Басшылық тапсырмасы бойынша, база екі күн жұмыс істемейді және клиенттерді қабылдай алмайды», – деп хабарлады компаниядан.
Еске салайық, осы жылы көктемде ҚНРДА «Ломбард Astana Gold» ЖШС-ны лицензиясынан айырды. Лицензиядан айыруға ломбардтың қатарынан алты ай ішінде қызмет істемегені себеп болды.