Freedom Bank шаруаларға 5%-бен несие беру бағдарламасын іске қосты

Жарияланды 18 Қыркүйек 2025 11:03

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

Freedom Bank «Аграрлық несие корпорациясымен» келісімшарт жасасып, агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын тиімді мөлшерлемемен несиелендіруді бастады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстанда агроөңдеу саласын қолдауға бағытталған жаңа бағдарлама іске қосылды. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын шағын, орта және ірі бизнес банк арқылы жылдық 5% жеңілдік мөлшерлемесімен мақсатты қаржы ала алады. Несие айналым қаражатын толықтыруға қолжетімді, бұл ондаған компанияға жабдықты жаңартуға, отандық шикізатты көбірек сатып алуға және өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Фермерлер тарапынан бұл бағдарламаға үлкен қызығушылық байқалып отыр. «Аграрлық несие корпорациясымен» келісім 6,5 млрд теңгеге жасалды, ал қазіргі таңда қаралуда тұрған жобалардың жалпы көлемі 3 млрд теңгеден асады. Біз үшін қазақстандық шикізатқа инвестиция салып, ішкі нарықты дамытатын компанияларды қолдау өте маңызды», – деді Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.

Freedom Bank ел көлемінде бірнеше ірі агрожобаны қаржыландырды.

Алғашқысы – QAZAQ ASTYQ GROUP – майлы дақылдарды өңдейтін заманауи зауыт. Кәсіпорын терең өңдеу арқылы өсімдік майы, шрот пен күнжара шығарады және өнімін ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сатады. Шикізат Абай облысының фермерлерінен сатып алынады.

2024 жылы Freedom Bank компанияға өндірісті кеңейтуге және майлы-бұршақты дақылдар тұқымын тазарту зауыты – «Агролидер KAZ»-ды іске қосуға қолдау көрсетті. Несие агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бағытталған мемлекеттік «Кең дала» бағдарламасы аясында берілді.

Екінші жоба – Өскемен май экстракциялық кешені. Бұл өңірдегі толық циклді ірі кәсіпорын өсімдік майы, шрот пен күнжара шығарады, қалдықсыз өндіріс қағидатын қолданады. Заманауи жабдық жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Зауыт шикізатты Шығыс Қазақстан облысының фермерлерінен сатып алады, бұл жергілікті ауыл шаруашылығы үшін тұрақты өткізу нарығын құрып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Әділет және Цифрлық даму министрінің бірлескен бұйрығымен «Цифрлық ипотека» пилоттық жобасы іске қосқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз