Lifestyle

Маңғыстау мешіттері ЮНЕСКО мұра тізіміне енуі мүмкін

Фото:mangystaukorygy.kz

Маңғыстаудағы мешіттері ЮНЕСКО мұра тізіміне енуі мүмкін. Ұйым өкілі, ежелгі сәулет нысандарын реставрациялау және консервациялау жөніндегі сарапшы Фиген Чоракбаш келіп, Маңғыстаудағы үңгір мешіттерімен танысты. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау үңгір мешіттері – жартас монолиттерінен қашалып, жер астынан ойылып салынған сәулет нысандары, олар қажылар мен туристердің қызығушылығын тудырады. Аңыз бойынша, Маңғыстауға алғаш келген насихатшы өз мешітін Хорезмнен өткен ежелгі жол бойындағы қасиетті орынға салған.

Ең танымал мешіттердің бірі – Шопан-ата. Ол жұмсақ жыныстан қашалған 12 бөлмеден тұрады. Негізгі залдың ортасында қажылардың дұғаға бет алу бағытын меңзейтіндей екі ағаш баған орнатылған.

Тағы екі үңгір мешіті – Қараман-ата мен Шақпақ-ата. Қараман-ата – Маңғыстаудағы толығымен жер астына салынған жалғыз мешіт. Ішінде бірнеше намаз залы мен оларды жалғайтын дәліздер болған. Шақпақ-ата – айқыш тәрізді болып жартасқа қашалған құрылыс. Оның ішінде бірнеше бөлме, қуыстар мен сопыларға арналған жалғыздық кельялары бар.

1965 жылы құрылған ИКОМОС ұйымы тарихи-мәдени нысандарды қорғау және сақтау жұмыстарын үйлестіреді. Кеңес БҰҰ-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізуге ұсынылған нысандарға баға береді.

Бұған дейін XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» атты бірегей қолжазба ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіліміне енгізілген. Ол шежіре осы уақытқа дейін «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімінде сақталған.