Жаңалықтар

Сот экс-депутаттың қызына тиесілі компанияға 23 млн теңге айыппұл салды

Сайран көлін абаттандырған мердігер 23 млн теңге айыппұл төлейді / Фото: ашық дереккөз, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы әкімдігі Сайран көлінің жағалауын абаттандырған «Павлодар өзен порты» компаниясының үстінен сотқа шағым түсірген болатын.

Әкімдік компанияны жұмысты дер кезінде тапсырмай, сапасыз орындаған деп айыптады. 29 тамыз Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімдік талабын қанағаттандырып, компанияға 23 млн теңге айыппұл салуға шешім шығарды.

Істің мән-жайы

2023 жылғы 4 желтоқсанда «Алматы қаласының экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы» мен «Павлодар өзен порты» компаниясы арасында «Сайран су қоймасының жағалауын қорғау құрылысын қайта құру және аумақты абаттандыру» жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу шарты жасалған. Жобаның жалпы құны – 12,02 млрд теңге.

Кейін 2024 жылғы 1 тамызда жаңадан құрылған «Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерін дамыту басқармасы» жобаның құқықтық мирасқоры болып, қосымша келісім жасалған. Мердігер 11 ай ішінде жұмыстарды орындауға тиіс болған.

Алайда белгіленген мерзім бірнеше рет ұзартылғанымен, 858 миллион теңгенің жұмысы толық аяқталмаған. 2025 жылғы 27 маусымда басқарма сотқа талап арыз түсірді.

Сот талқылауы

Сот барысында техникалық қадағалау өкілдері жұмыстың 95% орындалғанын мәлімдеген. Дегенмен, актілердің жоқтығы мен міндеттемелердің толық орындалмағаны анықталды.

Прокурор талапты ішінара қолдауды сұрағанымен, сот талапкердің барлық талаптарын қанағаттандырды.

Сот шешімімен «Павлодар өзен порты» мемлекеттік тапсырысқа жауапсыз жеткізуші деп танылды. Одан бөлек, жобаны аяқтап, келісімдегі міндеттемелерін толық орындауға тиіс. Сонымен қатар, компаниядан 23,1 миллион теңге көлемінде айыппұл және 699,5 мың теңге мемлекеттік баж өндірілмек.

«Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы «САН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Бұл серіктестіктің құрылтайшылары – Пішембаева Долорес Мейрамқызы мен Сағынбек Анетта Арманқызы. Долорес Пішембаева – бірнеше рет Мәжіліс депутаты, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Мейрам Пішембаевтың қызы.