Жаңалықтар

Балалар мекемесінде жүрегі тоқтаған жеті жасар Цойдың ауыр тағдыры

Жеті жастағы Владимир Цой Алматыда балаларды қолдау орталығында қайтыс болды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Жеті жастағы Владимир Цой Алматыда балаларды қолдау орталығында қайтыс болды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ғұмыры бар болғаны жеті жасында үзілген Владимир Цой дүйсенбі күні Алматының шетіндегі «Батыс» зиратына жерленді. Оның кішкентай ғана жүрегі 12 қыркүйекте кешке қаладағы №1 балаларды қолдау орталығында тоқтады. Володя осы мекемеге бір ай бұрын ғана түскен. Өлім себебін полиция анықтап жатыр.

Володяның қайғылы қазасы туралы мәліметті бірінші болып блогер Айсұлу Дүтбаева Facebook-тегі парағына жариялады. Kursiv.Media мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.

Ауыр үкім, ауыр тағдыр

Владимир Цой 2018 жылы Алматы қаласында туған. Төрт жасқа толған уақытта оның анасы есірткімен ұсталып, он бір жылға сотталып кете барады. Осы отбасын жақын танитындардың айтуынша, Наталья Зюбина жүрек талмасына ұшыраған күйеуінің еміне ақша табу үшін екі ай курьер болып істеген уақытта ұсталған. Қазір ол Атыраудағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жүр.

Сот үкімі шыққаннан кейін, кішкентай бала мен бірінші топтағы мүгедек әкесіне қарайтын адам керек болып, кәмелет жасқа толғанда үйден кеткен Артур Цой Алматыға оралады.

«Володямен әкеміз бір, шешеміз бөлек. Өгей шешеммен аз уақыт бірге тұрдық. Бірақ мен 18 жасымда үйден кеттім. Үш жыл бұрын үйге кері шақыртқан уақытта, мен Бішкекте тұрып жатқан едім. Алматыға оралып, ауру әкем мен бауырыма қарауға тура келді», – дейді Артур Цой Kusiv.Media тілшісіне.

Ол кезде Артурдың өзі жас – бар болғаны 19 жаста. Сол себепті туыстары төрт жастағы Володяны жақындарының бірінің қамқорлығына бермек болады.

«Бауырым жарты жылдай туыс әпкемнің қолында тұрды. Баланы бауырына басып, Володя оны «мама» деп атай бастады. Бірақ әпкем баланы асырап алу үшін, Натальяны ана құқығынан айыру туралы талап қойды. Өгей анам оған келіспеді. Сөйтіп Володя қолыма қайта оралды», – дейді Артур.

Артур мен Владимир Цой / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Артур мен Владимир Цой / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әкеден айрылу

Осының бәрі аз уақыттың ішінде ең жақын адамынан екі мәрте ажыраған кішкентай балаға оңай тимегені анық. Оның үстіне 2025 жылғы 1 сәуірде Володяның әкесі де дүние салады.

«Шешеміз бөлек болса да, мен оған туған бауырымдай қарадым. Мектепке апарып жүрдім. Балалар үйіне өткізу туралы ой болды. Бірақ бауырымды жат мекемеге қалай қиып берем?» – дейді Артур.

Оның айтуынша, Наталья да баласының өгей ұлының қолында өскеніне қарсы болмаған – соған сенімхат берген.

«Ол маған жақында бостандыққа шығам, бәрі жақсы болады деді. Сенімхат берді. Мен оған көмектескім келді», – дейді 22 жастағы жігіт.

Ауыр тұрмыс

Дегенмен ағайынды Цойларға қымбат мегаполисте тұру оңайға соқпағанға ұқсайды. Артур менеджер болып істейді. Бірақ пәтер жалдап тұруға ақшасы үнемі жете бермейді.

«Ата-анамның баспанасы болмады. Олар да пәтер жалдап тұрды. Мен де Алатау ауданда пәтер жалдаймын. Ақша жете бермейді. Қарызым көбейді», – дейді ол.

Биыл жазда ағайынды Цойлардың өмірінде тағы бір ауыр жағдай болды. Олардың көршілері полиция шақыртып, Володя әлеуметтік мекемеге түсті. Ал Артурдың үстінен тұрмыстағы зорлық-зомбылық күдігімен қылмыстық іс қозғалды.

«Бала тіл алмайтынды шығарды. Ақша ұрлады. Пешке қолыңды созба, терезені ашпа деп ұрысам. Жазаламақ болып, бес рет ременмен қолынан ұрдым. Оның бір жерін майып қылу ойымда болған жоқ», – дейді жас жігіт.

Көп уақыт өтпей оның үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылған. Өйткені дәрігерлер баланың денесіндегі көгерген іздерді айтарлықты қауіпті деп есептемеген.

Цойдың өлімі

Алайда 13 қыркүйекте Артур Цойды тағы да полицияға шақыртып, бір күн сонда ұстаған. Ол Володяның бір күн бұрын №1 арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында қайтыс болғанын естіген.

«Тергеушілер бала өліміне алдындағы істің қаншалықты әсері бар-жоғын анықтамақ болды. Сот-медицина сараптамасы оның жүрек жеткіліксіздіген үзілгенін анықтаған», – деп түсіндірді ол.

Артур бауырын 15 қыркүйекте Алматының шетіндегі «Батыс» зиратына, әкесінің қасына жерледі. Шығынды туыстары көтерді. «Жастар үйінен» де хабарласып, көмек ұсынған. Бірақ Артур одан бас тартқан.

«Сендерден ештеңе алмаймын дедім. Оларда оқиғаның қалай болғаны туралы видео бар. Володя кешке мекеме ішіндегі ойын алаңында ойнап жүрген. Бір сәтте кілт тоқтап, басқа бір баланың үстіне шалқалай құлаған. Көмек тез жеткен. Бала сағат 19.38-де құласа, жедел жәрдем 19.49-да жеткен. Бірақ ешқандай көмек көрсете алмаған – бала бірден жүріп кеткен…» – дейді Артур Цой.

Бар болғаны жеті жастағы баланың кішкентай ғана жүрегінің бір сәтте тоқтап қалуына нақты қандай жағдай әсер еткені әзірге анық белгісіз. Бала өлімі себебін Алматы қаласы Түріксіб аудандық полициясы тексеріп жатыр.

Kursiv.Media Владимир Цойдың қазасына қатысты сауалдарды №1 арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына, қалалық полицияға жолдады. Бұған қоса, Володяның анасы Наталья Зюбинамен сөйлесу үшін ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінен рұқсат сұрады.