«Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға үй таңдауға тағы 3 ай уақыт берілді

«Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламаларының төлем қабілеттілігін растаған, бірақ әлі баспана таңдап үлгермеген қатысушылары үшін несие мақұлдау мерзімі ұзартылды.
Отбасы банкінің хабарлауынша, енді қарыз бойынша шешімнің күші 2025 жылдың 15 желтоқсанына дейін сақталады.
«Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша өтінімдер 2025 жылдың наурыз айында қабылданған болатын. Қатысушыларға баспана таңдау үшін 6 айдан аспайтын уақыт берілген.
Осылайша, енді бағдарлама қатысушыларының тұрғын үй таңдауына қосымша үш ай уақыты бар.
Еске салайық, маусым айында «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша қарыз рәсімдеу қаржыландыру тапшылығына байланысты уақытша тоқтатылған болатын. Ал 13 тамыздан бастап қайта жанданды.
Несие беру үшін Отбасы банк KASE қор биржасында 102,7 млрд теңгеге облигация сатқан.