Жаңалықтар

Тапқан табысы құнсызданған қазақстандықтар кредитке батып отыр

Мұғалім мен дәрігерлердің жалақысы көтеріледі
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Соңғы бір жылда қазақстандықтардың несие жүктемесі айтарлықтай артты: халыққа берілген қарыз 5,3 трлн теңгеге немесе 24,7%-ға көбейді. Пайызы қымбат болса да, халық кредитке көлік, үй, тұрмыстық техника алуын тоқтатқан емес. Бұл ретте экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, бұл құбылыс – халық табысының инфляцияға ілесе алмай келе жатқанының көрінісі.

Банктердің жиынтық пассивтері де өсіп, 47,7 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Негізгі өсім ішкі активтердің есебінен қамтамасыз етілген. Үй шаруашылықтарының қарызға деген сұранысы бір жыл ішінде төрттен бір есе ұлғайса, бизнеске берілген қарыздар небәрі 1,8 трлн теңгеге немесе 16%-ға артты.

Депозиттер көлемі де рекорд деңгейге жетіп, 41,2 трлн теңгені құрады. Жылдық өсім 18,1%-ды құраса, оның басым бөлігі мерзімді салымдардың есебінен болды (+21,3%). Бұл банктерге тұрақты қаржыландыру көзі мен болжамды табыс әкеліп отыр.

Экономика биылғы қаңтар-тамыз айларында 6,5% нақты өсім көрсетті. Дегенмен, бұл өсімнің негізгі бөлігі халықтың қарыз алу есебінен қамтамасыз етілгендіктен, сарапшылар тәуекелдерге назар аудартып отыр.

Сұлтановтың айтуынша, жүйедегі ақша нақты табысқа қарағанда жылдам өсіп жатыр,

«Жалпы алғанда, банк жүйесі классикалық бөлшек экспансияны көрсетіп отыр. Жүйедегі ақша көлемі табыстан жылдамырақ өсіп, бұл үй шаруашылықтарының табыс пен жұмыспен қамтуға қатысты соққыларға осалдығын күшейтеді. Экономика үшін бұл қазіргі өсімді (8 айдағы нақты ЖІӨ – 6,5%) қолдағанымен, қызып кету қаупін туғызады. Егер бұл процесс бюджет саясатына үйлеспесе, қосымша инфляциялық қысымға айналуы мүмкін», – деп жазады экономист.

Мұндай жағдайда экономикалық өсім уақытша қолдау көрсеткенімен, алдағы кезеңде инфляциялық қысымды күшейтіп, экономиканың «қызып кетуіне» әкелуі мүмкін. Экономистің пікірінше, бұл тәуекелдерді азайту үшін ақша-несие саясаты мен бюджет саясаттың үйлесімділігі қажет.

Тамыз айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 12,2%-ды құрап, оның ішінде ақылы қызметтер 15,3%-ға, азық-түлік тауарлары 11,7%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 9,7%-ға қымбаттады.