Авто

Түркияның ұлттық электромобилі: TOGG Еуропаға көлік экспорттамақшы

Бұл көлік Түркияда технологиялық тәуелсіздіктің символына айналды / Фото: Togg

Түркияның алғашқы ұлттық электромобилі енді Еуроппаға экспортталмақ. TOGG (Türkiye’nin Otomobili Girişim Grubu) өзінің көптен күткен T10X моделін 2023 жылы нарыққа ресми түрде ұсынды. Бұл тек жаңа көліктің шығуы ғана емес, Анадолы елі үшін технологиялық тәуелсіздіктің символына айналған еді. TOGG-тың алғашқы партиясы 2023 жылдың көктемінде тұтынушыларға жеткізілген еді, ал қазір көліктердің саны ондаған мыңға жетіп отыр.

TOGG T10X қандай көлік?

T10X – заманауи талаптарға сай жасалған толық электрокроссовер. Көліктің екі түрлі аккумулятор нұсқасы бар: 52,4 кВт/сағ және 88,5 кВт/сағ. Батарея сыйымдылығына қарай жүріс қоры 314 шақырымнан 523 шақырымға дейін жетеді. Жылдам қуаттау мүмкіндігі де бар: небәрі 28 минутта батареяны 20 %-дан 80 %-ға дейін толтыруға болады. Бағасы да Түркия үшін қолжетімді деңгейде белгіленген – базалық нұсқасы шамамен 953 000 түрік лирасы (12,5 млн теңге) тұрады.

Түркия үшін қандай маңызы бар?

TOGG жобасы Түркия үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Біріншіден, ол шетелдік автокөліктерге тәуелділікті азайтып, импорт шығынын төмендетеді. Екіншіден, жаңа зауыттар мен өндіріс орындары мыңдаған жұмыс орнын ашады. Үшіншіден, мемлекет электромобильді қолдау үшін субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер ұсынып отыр. Бұл қадам Түркияны аймақтағы технологиялық орталықтардың біріне айналдыруы мүмкін.

Сатылым статистикасы

TOGG-тың сатылым қарқыны ел ішіндегі сұраныстың жоғары екенін көрсетіп отыр. 2023 жылы шамамен 19 500 көлік сатылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 30 мыңнан асты. Бүгінгі таңда Түркия жолдарында шамамен 50 мыңға жуық T10X электромобилі жүр. Бұл – жас компания үшін үлкен жетістік.

Қиындықтар мен кедергілер

Дегенмен жоба алдында қиындықтар да бар. Көліктің бағасы көптеген тұтынушылар үшін әлі де қымбат болып саналады. Ел бойынша қуаттау станцияларының жеткіліксіздігі де үлкен мәселе. Сонымен қатар, өндірісті жылына 175 мың көлікке дейін жеткізу жоспары да оңай шаруа емес. Түркия нарығына BYD сияқты Қытай алпауыттарының келуі бәсекені одан әрі күшейтпек.

Болашаққа жоспарлар

TOGG тек бір ғана модельмен шектеліп қалмақ емес. Компания 2030 жылға дейін бірнеше жаңа үлгілерді – седан, хэтчбек, MPV және басқа да көліктерді шығаруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта өндірістің негізгі бағыты экспорт болмақ. Биылдан бастап Еуропа нарығына шығу жоспарда тұр. Егер бұл жүзеге асса, Түркия тек өз елінде ғана емес, халықаралық деңгейде де электромобиль өндіруші ел ретінде танылмақ.

TOGG электромобилінің сатылымға шығуы – Түркия үшін тарихи белес. Бұл жоба елдің автонарығын жаңартып қана қоймай, экономикаға жаңа серпін береді. Егер инфрақұрылым дамып, баға саясаты халық үшін қолжетімді болса, Түркия жақын жылдары Еуропаның басты электромобиль орталықтарының біріне айналуы әбден мүмкін. Бұл тәжірибе көршілес Қазақстан сияқты елдер үшін де маңызды үлгі бола алады.