
Алматыда шахматтан кадеттер (балалар) арасындағы Әлем чемпионаты басталды. 2025 жылғы 19–30 қыркүйек аралығында өтетін турнирде U8, U10 және U12 жас санаттарындағы балалар бақ сынайды.
Чемпионатқа 88 елден 850-ден астам жас шахматшы тіркелген. Қазақстан чемпионат иесі ретінде 200-ден астам ойыншы шығарған. Үндістан (28), Қытай (25) және АҚШ (24) сынды шахмат державаларынан да қатысушылар бар.

ФИДЕ президенті Аркадий Дворковичтің айтуынша, Қазақстандағы турнир өзіндік рекорд орнатып тұр.
«Кадеттер арасындағы турнир жыл сайын өткізіледі. Қазақстандағы турнирдің басты ерекшелігі қатысушы мемлекеттердің саны болып отыр. 88 елдің Федерациясы өз делигациясын жіберіп отыр. Қазақстанның өзінен ғана 200-ден астам бала тіркелген. Бұл елдегі шахматтың дамуы деңгейін, оның болашағы жарқын екенін анық көрсетеді. Бұл тұрғыдан алғанда, басқа елдер Қазақстаннан үлгі алуы тиіс», – деді Аркадий Дворкович.
Қазақстан шахмат Федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, турнирдің Қазақстанда өтуі біздің жас спортшылар үшін және жалпы Қазақстан шахмат мектебі үшін аса маңызды. Себебі әлемдегі үздік спортшылармен ойнау біздің кадеттерге жақсы тәжірибе болмақ.

«Ешбір шахмат турнирі, тіпті еліміздегі өзге спорттық шаралардың ешқайсысы да мұндай ауқымды қатысушылар құрамын жинамаған. Бұл – қазақстандық шахмат пен тұтас еліміз үшін тарихи сәт. Біз қонақтарды тек қонақжай ретінде ғана емес, сонымен қатар әлемнің ең мықты шахмат державаларының бірі әрі турнирдің басты фавориті мәртебесінде қарсы алып отырмыз», – деді Тимур Турлов.
Турнирдің басты фавориттерінің бірі қазақстандық спортшы Диас Қуандықұлы турнирдің Қазақстанда өтіп жатқанына қуанышты екенін айтады. Ол 2023 жылы дәл осы турнирде 10 жасқа дейінгі балалар арасында әлем чемпионы болған. Биыл 12 жасқа дейінгі шахматшылар қатарында өнер көрсетеді.
«Турнирде жақсы өнер көрсетуге тырысамын. Бақ шаба ма, бап шаба ма көреміз. Бәрі спортшылардың дайындығына байланысты ғой. Мұндағы көптеген спортшылармен бұрын кездесіп, ойнап көргенмін. Үздік ойыншылар жиналды деп сенімді түрде айта аламын. Жақсы ойын көрсетуге барымды салатын боламын», – деді Диас Қуандықұлы.
Бұған дейін Қазақстанда шахматтан ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстардың, соның ішінде әлем чемпионаттары мен ерлер арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч та өткізілді.

2024 жылы Италияның Монтесильвано қаласында өткен Әлем чемпионатына 77 елден 700-ден астам жас шахматшы қатысқан.
Ашылу рәсімінен кейін бірден 1-ші тур басталды. Жалпы 19–30 қыркүйек аралығында швейцар жүйесі бойынша 11 тур өтеді. Уақытты бақылау – 90+30 форматы (әр партияға 90 минут және алғашқы жүрістен бастап әр қадамға 30 секунд қосылады).
11 турдың қорытындысы бойынша әлем чемпиондары, күміс және қола жүлдегерлер анықталады. Жарыс ұлдар (Open) мен қыздар (Girls) арасында алты жас санатында өтіп жатыр: O8, G8, O10, G10, O12 және G12.