Lifestyle

Қазақ музыкасының алыптарына тағзым: Алматы төріндегі камералық ретро концерт

Қазақ музыкасының алыптарына тағзым: Алматы төріндегі камералық ретро концерт / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы жаңа маусымын қазақ ретро музыкасының камералық «Ән – аманат» концертімен ашты. Кеште үш алып композитор Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев пен Шәмші Қалдаяқовтың туындылары шырқалды.

Концертте филармония солистері Мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мақпал Қазыбекқызы, Мәдениет саласының үздігі Гаухар Асылханқызы, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Біржан Бәзілжан мен Жанқожа Аяпов өнер көрсетті.

Камералық концерт қазақ музыка өнерінің үш алыбы: Нұрғиса Тілендиев пен Әбілахат Еспаевтың 100, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған. Сондықтан осы композиторлардың туындылары орындап, шығармашылығына жеке тоқталып, әр туындының тарихы сөз болды.

Көпшілікке таныс Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы», «Қайықта», «Арыс жағасында» сынды әндері, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», «Әлқисса», «Ата толғауы» сынды күйлері мен «Өз елім», «Жүрегім менің» сынды әндері және Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз» және Абайдың сөзіне жазылған «Өзгеге көңілім тоярсың» туындылары да орындалды.

Қазақ музыкасының алтын қорындағы шығармалар орындалған кеш композиторлардың өшпес мұрасын тағы бір мәрте дәріптеп, өнер сүйер қауымға ұмытылмас әсер қалдырды.