
Қазақстандық боксшылар Ливерпульде (Англия) өткен World Boxing тұңғыш әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетіп, жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Осыған орай чемпиондар мен олардың бапкерлеріне 100 мың АҚШ долларынан берілді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшылармен, бапкерлермен және федерация өкілдерімен кездесу өткізіп, жеңімпаздарды құттықтады.
Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліпов «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ал вице-президент Дархан Қызайбаев, ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, федерацияның атқарушы директоры Рауан Игенев, бас хатшы Мерей Ақшалов, ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов және әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин «Құрмет» грамотасын алды.
Сонымен қатар медициналық штаб қызметкерлері – дәрігерлер Айгерім Жекеева мен Талғат Құқанов, физиолог Ерсултан Юлдашев және массажист Әлібек Әбіловке министрліктің алғыс хаттары табысталды.
Чемпиондар мен жүлдегерлер Санжар Ташкенбай, Махмұд Сабырхан, Торехан Сабырхан, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева, Аида Әбікеева, Наталья Богданова және Елдана Тәліпова да құрмет грамоталары мен сыйақыларға ие болды.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте топ жарған еді.