Lifestyle

Алматыда Backstreet Boys концерті: Жанкүйерлер Орталық стадионға жиналып жатыр

Backstreet Boys концерті: Жанкүйерлер алаңға жиналып жатыр / фото: Алматы әкімдігі

Алматыда бүгін 19 қыркүйек күні Орталық стадионда әйгілі Backstreet Boys тобы қала күніне орай арнайы концерт береді.

Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шамамен 2,5 мың полиция қызметкері жұмылдырылған. Абая – Байтурсынұлы – Мұқанов – Сәтбаев көшелері аумағында қозғалысқа уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

Стадионда үш жедел жәрдем бригадасы (бірі арнайы, екеуі фельдшерлік), сондай-ақ өрт сөндірушілер кезекшілік атқарады. Арнайы эвакуация жоспары жасалған.

Сонымен қатар, ұйымдастырушы First Media Group компаниясы қауіпсіздік шараларын күшейткен: билет тексерушілер саны 150 адамға жеткізілген, қосымша бейнебақылау камералары орнатылған, LED-экрандарда сенім телефоны көрсетіледі. Фуд-корттар кеңейтіліп, тегін су тарату ұйымдастырылған.

Концертке тек алматылықтар ғана емес, шетелден келген қонақтар да жиналған. Олардың арасында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласынан арнайы ұшып келген Юлия Пелецкая да бар:

«Билетті шілдеде алып қойғанмын. Алматыға алғаш келдім — қала әсем әрі ерекше. Кештен керемет эмоциялар күтемін, өзімді толық шоуға бергім келеді», – дейді ол.

Алматы соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі концерттердің орталығына айналып келеді. Бұған дейін Дженнифер Лопестің шоуы өткен болса, бүгін сахнаға Backstreet Boys шығады.