Lifestyle

Justking атымен танымал блогер заңсыз лотерея үшін 1 млн теңгеге айыппұл арқалады

Justking заңсыз лотерея үшін айыппұл арқалады / фото: ашық дереккөз

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Instagram желісіндегі Justking31 аккаунтына қатысты заңсыз лотерея ісін анықтап, материалдарды ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарауға жолдады.

Тексеру барысында аталған парақшада Алматы қаласындағы екі қабатты үйді, ақшалай сыйақылар мен смартфондарды ұтысқа тігу шаралары күн сайын өткізілгені белгілі болды.

Ұтысқа қатысу үшін азаматтардан Oilan Lab ЖШС-іне тиесілі 29 990 теңгелік оқу курсын сатып алу талап етілген. Жеңімпаздар «Поле чудес» жабдығы арқылы кездейсоқ таңдалған.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, Justking31 аккаунт иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, іс Комитет қарауына жіберілді.

Нәтижесінде аккаунт иесіне 300 АЕК (1 179 600 тг) көлемінде айыппұл салынды. Істі қарау кезінде ол өз кінәсін толық мойындап, айыппұлды төлеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін блогерлер Жанабыловтерге қатысты іс қозғалып, сот басталған еді.