Lifestyle

Алматыда KitapFest атты ең ірі әдеби фестиваль өтеді

KitapFest ең ірі әдеби фестиваль өтеді / фото: Алматы әкімдігі

20–21 қыркүйек күндері сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін Алматыдағы Арбатта үлкен кітап мерекесі өтеді. Мұнда жыл сайынғы KitapFest фестивалі өтіп, ондаған баспа, танымал авторлар және мыңдаған оқырман бас қосады.

Фестиваль аясында алпысқа жуық баспа мен кітап дүкендері өз өнімдерін ұсынады. Қонақтар жаңа шыққан туындыларды сатып алып қана қоймай, арнайы жеңілдіктерге ие бола алады. Сонымен қатар сүйікті жазушыларымен тілдесіп, қолтаңба алуға мүмкіндік бар.

Арнайы аймақтар мен декорациялар

Фестиваль қонақтарына бірнеше заманауи аймақтар ұсынылады. TrendZone алаңында TikTok, Instagram және YouTube форматындағы ойын-сауық бағдарламалары өтсе, Estelik Zone аймағында әйгілі шығармалардың желісі бойынша жасалған декорациялар орнатылады. Мәселен, «Ертөстік», «Ғажайыптар еліндегі Алиса», «Дюна», «Кариб теңізінің қарақшылары» және басқа да туындылардың атмосферасында фотоға түсуге болады.

Балаларға арналған квесттер

Кішкентай қонақтар үшін ерекше бағдарламалар дайындалған. Олардың қатарында «Мұзды өлке», «Қызыл телпек», қазақ ертегісі «Қошқар мен Теке: Жоғалған Қазына» және «Шоколад фабрикасының құпиялары» шығармаларының желісімен жасалған қызықты квесттер бар.

KitapFest — еркін әңгіме құруға, отбасылық шығармашылықпен айналысуға және жаңа таныстық орнатуға арналған ашық алаң. Ең бастысы, фестивальдегі барлық іс-шараға кіру тегін.