
Орталық Азияның сусыз сахараға айналу қаупі бар. 2050 жылға қарай Орталық Азия мұздықтарының 50%-ы жойылады.
Ғалымдардың есебінше, 2100 жылға қарай қазіргі көлемнің тек 20–30%-ы ғана сақталады.
Мұздықтар жылдам ери бастайды
Kun ақпаратына қарағанда, бұл болжамдар 16–17 қыркүйекте өткен климат өзгеруіне қатысты ғылыми конференцияда айтылды.
Өзбек ғалымдарының ескертуінше, 2040 жылға қарай аймақтағы мұздықтары жылдам ери бастайды. Бұл – болашақта Орталық Азияның сусыз өңірге айналуы ғажап емес деген сөз.
Не құтқарады?
Гидрометеорология ғылыми-зерттеу институтының директоры Дониёр Тургуновтың пікірінше, соңғы 10 жылда мұздықтардың қатты еріп жатқаны байқалып отыр. Егер үрдіс жалғасса, 2050 жылға қарай Орталық Азия мұздықтарының шамамен 50%-ы жоқ болады.
«Оларды сақтап қалуға қандай құралдар көмектесуі мүмкін? Бұл – нивальды аймақтарда жасанды ландшафтар құру, сондай-ақ жасанды мұздықтар қалыптастыру», – дейді маман.
2040 жылы су күрт азаяды
Германияның Жер және су зерттеу орталығының өкілі Аброр Гафуровтың айтуынша, ғасырдың соңына қарай мұздықтар саны күрт азаяды. Есеп бойынша, 2100 жылға қарай қазіргі көлемнің тек 20-30%-ы ғана сақталады.
«Қазір өзендерде су көп, бұрынғыдан да артық. Бірақ мұз массасы күрт азайғанда, су көлемі де төмендейді. Біздің есебімізше, Орталық Азия үшін бұл сәт шамамен 2040 жылы келеді. Бізде дайындалуға шамамен 15 жыл бар. Шешімдер – суды ұтымды пайдалану, су үнемдейтін технологияларды енгізу, қорларды бақылау және басқару стратегияларын әзірлеу», – дейді ғалым.
Тоқаев «Орталық Азиядағы қуаңшылық 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады» деп мәлімдеген еді.