Жаңалықтар

Албаниядағы ЖИ министр үкіметте сөз сөйлеп, депутаттардың сынына қалды

Фото: Албания үкіметі ютуб парақшасынан скрин

Албанияның ЖИ-министрі алғаш рет парламентте сөз сөйледі. Бірақ оның сөзі депутаттардың сынына ұшырады деп жазады жергілікті БАҚ.

Премьер-министр Эди Рама ЖИ министрді «Диелла» деп атап, үкімет ұстанып отырған ашықтық пен инновацияның символы ретінде таныстырды.

«Мен мұнда адамдарды алмастыру үшін емес, оларға көмектесу үшін келдім. Иә, менде азаматтық жоқ, бірақ менде жеке амбициялар мен мүдделер де жоқ», – деді бот парламентке жасаған үндеуінде.

Премьердің айтуынша, жасанды интеллект негізіндегі бұл бот үкіметтің жұмысын жеделдетіп, ашық жүргізуге көмектеседі. Жоба Албанияның Еуропалық одаққа кіруге дайындық барысында технологиялық жетістіктерін көрсету жоспарының бір бөлігі саналады. Ел 2030 жылға қарай ұйымға мүше болуды көздеп отыр.

ЖИ министр – пропаганда құралы

Алайда оппозициялық депутаттар ЖИ-ботты сынға алды. Олардың айтуынша, «Диэлла» шын мәнінде жемқорлықты бүркемелеу құралы. Олар бұл бастаманы «премьер-министр Раманың төртінші мерзімге қайта оралуын ақтау үшін жасалған жасанды түтін пердесі» деп атады.

«Шындық мынада: Эди Раманың «Диелласы» пропагандалық қиял. Ал жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыс – нағыз шындық. Диелла – болашаққа көзқарас емес, үкіметтің күнделікті миллиардтаған ұрлығын жасыратын виртуалды фасад», – деді Демократиялық партия депутаты Газмент Барди.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Албания парламенті болжанған уақыттан әлдеқайда қысқа сессия өткізген. Үкімет бағдарламасын таныстыру және жаңа кабинетке сенім білдіру дауыс беруі небәрі 24 минутқа созылды.

Осы жылы қыркүйекте Албания ЖИ-ді министр ретінде тағайындады. Министрдің аты – Диелла, албания тілінде «күн» дегенді білдіреді. Оның тіпті ұлттық киім киген жас әйел бейнесіндегі аватары да бар. Эди Раманың айтуынша, ЖИ-бот үкіметтің жұмысын жедел әрі барынша ашық етуге сеп болады.