
Түркия үкіметі «Ұлттық технологиялық серпіліс» бағдарламасы аясында өз ядролық реакторларын жасауға кіріскенін жариялады. Бұл бастаманы елдің өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жобаның басты мақсаты – стратегиялық маңызды салаларды (жасанды интеллект, қорғаныс өнеркәсібі, химия және металлургия) тұрақты, көміртексіз және үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету. Өз ядролық технологияларын дамыту Түркияға энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға және технологиялық дербестігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Біз ядролық энергетикада өз жолымызды саламыз. Бұл тек энергия мәселесі емес, бұл – тәуелсіздік, технологиялық қуат және тұрақты даму мәселесі», – деді Каджыр.
Бағдарлама аясында зерттеу орталықтары ашылады, мамандар дайындалады, өндірістік база дамиды және қауіпсіздік пен экологияға қатысты жаңа шешімдер енгізіледі. Жобаға мемлекеттік құрылымдармен бірге жекеменшік сектор да, соның ішінде университеттер мен технологиялық стартаптар қатысады.
Айта кетейік, қазір Түркия Ресейдің қатысуымен елдегі алғашқы атом электр станциясы «Аққұю» жобасын жүзеге асырып жатыр.
WSJ жазуынша, Ресей санкцияларды айналып өту үшін Түркиядағы «Аққұю» АЭС-ін пайдаланған. Яғни Мәскеуден жіберілген қаражат атом станция құрылысына емес, Ресейдің мемлекеттік мақсаттарына жұмсалған.