
18 қыркүйектен бастап Wildberries жаңа сатушыларға арналған тіркеу жарнасын 30 мың рубльден 5 мың рубльге дейін қысқартты. Бұл өзгеріс электронды саудадағы жаңа бизнеске тезірек бастау алып, дамуына көмектесуді көздейді деп хабарлады компаниядан.
Жаңа сатушылар тіркелген кезде WB Серіктестер порталында 5 мың рубль немесе 32 650 теңге жарна төлейді. Бұрын бұл сома 173 641 теңге болатын. Ең бастысы, төленген қаражат сатушының жарнама кабинетіндегі балансқа аударылады да, оны тауарларын жарнамалауға пайдалануға болады.
Компания алдағы жоғары маусымға дайындық аясында логистикалық жүйесін де күшейтіп жатыр. Жазда қоймалардың өткізу қабілеті 50%-ға артты.
Сонымен қатар, Wildberries серіктестер үшін арнайы жеңілдік енгізді: жыл соңына дейін алты ірі қоймада тауарды тегін сақтауға болады. Бұған қоса, әрбір жеткізілген тауарды алғашқы 60 күн ішінде кез келген қоймада ақысыз сақтауға мүмкіндік беріледі. Бұл маусымдық және тез өтетін өнімдермен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жақсы қолдау болмақ.
Wildberries осы жазда Қазақстандағы тұтынушылар үшін жаңа сервисті іске қосқан еді. Жаңа қызмет арқылы тұтынушылар сайттан немесе қосымшадан тауарға тапсырыс беріп, оны тапсырыс орталығынан емес сатушының дүкенінен қалаған уақытта алып кете алады.