Жаңалықтар

Алматы түбіндегі қоқыс полигонындағы өрт оқшауланды – ТЖМ

Қоқыс полигонындағы өрт үш қаланың тұрғындарына қауіп төндіріп тұр / фото: Фото: t.me/qr_tjm,
Қоқыс полигонындағы өрт үш қаланың тұрғындарына қауіп төндіріп тұр / фото: Фото: t.me/qr_tjm,

Алматы облысындағы қоқыс полигонындағы өрт оқшауланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының өртенуі оқшауланды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, полигондағы өрт 15 қыркүйек күні басталған. Мұндағы өртті сөндіруге өрттің 10 метр тереңдікте бықси жануы кедергі келтірген. Сонымен бірге алаңда опырылу қаупі жоғары болғаны себепті өрт ошағына қарай техниканың жетуі қиындаған.

Өртті сөндіру қиындаған соң, бұл жұмыстарға басқа өңір құтқарушылары көмекке келді. Атап айтқанда, министрлік қоқыстағы өртті сөндіру үшін  Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ ҚР ТЖМ Мартбек Мамраев атындағы 52859 және Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілерін жіберді.

Токсинді түтінге байланысты полигон маңындағы Алатау қаласында техногенді сипаттағы Төтенше жағдай жарияланды.

Эколог  Әділ Қасым бұл өрт Алатау қаласының тұрғындарынан бөлек, Қапшағай мен Алматы тұрғындары үшін қауіпті екенін айтты.