Lifestyle

Күз-2025: осы маусымның сәнді трендтеріне шолу

Күз маусымның сәнді трендтеріне шолу/Фото: shutterstock.com

Сән әлемінде әр маусымның өзіне тән ерекшелігі мен жаңалығы болады. Әрі ол жыл сайын өзгеріп, жаңаша бағыт алып отырады. Бірақ ол жай ғана тренд түс не фасонның өзгеріп жатқанын білдірмейді. Оның мағынасы одан да тереңде. Соның ішінде жаһандық процестердің, атап айтқанда экология, жаңа технологиялардың көрінісінен хабар береді. Kursiv.Media тілшісі 2025 жылғы күзде сәнді трендтер қандай болатынына шолу дайындады.

1. Табиғатқа қамқорлық және апсайклиң

Қазір сән әлемінде тұрақтылық тренд дегеннен гөрі, жаңа нормаға айналды десек, артық айтқанымыз болмас. Дизайнерлер кейінгі кездері қайта өңделген пластик, тоқыма, мақта сынды материалдарды өте жиі пайдаланатын болып жүр. Одан қала берді винтаж қайтадан сән болды. Сондықтан стилистер ерекше киім іздегендерге секонд-хендтерден немесе жергілікті брендтерден қарауға кеңес береді.

Мысалы мынадай: қайта өңделген жүн матадан тігілген, үлкен ілгектері бар пальто сәнді көрінеді. Болмаса, қолдан тоқылған свитерлер де күзде қонымды болады.

Қызық дерек: Business of Fashion деректеріне сүйенсек, 2025 жылы алпауыт брендтердің 40 пайыздан астамы киімдерінің матасын қайдан алғанын көрсетуге міндеттеліпті. Яғни сатып алушылар қазір саналы түрде киім алып, тұтынатын болған деген сөз.

2. Ерекше детальдары бар Total black киімдер

Қара түс қайтадан маусымның басты түстерінің біріне айналып отыр. Бірақ бұрынғыдай қара десе бірден классиканы ғана елестете бермеңіз. Себебі заман өзгеріп, талғам ауысып тұрады. Сондықтан дизайнерлер қара киімге жылтыр элементтер қосқан жөн дейді. Мысалы жылтырақ пайеткалар, темір сыдырма сынды детальдар қосса болады. Сонда қақиып қалған салмақты образ емес, ерекше, тартымды look болып шыға келеді.

Стилистер кеңесіне тоқталсақ:

  • Қара түсті былғары плащ + күміс түстес етік.
  • Қара көйлек + дәу алтын сырға.

3. Oversize палто мен кейптер

Биыл күзде пальто мен кейптер киген жарасымды. Кейп дегеніңіз тұнған романтика, ал oversize пальто кең киімді жақсы көретіндерге маст-хев. Матасына келсек, жұмсақтау маталар жақсы. Кең жаңалы, белдігі жуан сырт киімдер әдемі көрінеді.

Мысалы мынадай: Max Mara мен The Row шығарған 2025 жылғы күз-қыс коллекцияларында дәл осындай сырт киімдер бар.

4. Күнделікті киімдерге металлик деталь қосыңыз

Бұған дейін жылтырақ біткеннің бәрін сауық кештеріне арналған образды толықтырады деп қарастырық келдік. Бірақ қазір тренд басқа: жарқыраған алтын-күмісті күнделікті өмірде де киіп, таға береді. Мысалы үстіңізге қонымды свитер киіп, астына металлик белдемше кисеңіз болады. Кеңсеге киетін костюммен айна сияқты жылтырап тұратын сөмке ұстағанның еш әбестігі жоқ.

Инсайт: TikTok-ты қарасаңыз, #SilverSkirt деген хештегпен салынған көп видео табасыз. Олардың қаралымы миллионнан асып, жұртты тамсандырып жатыр. 

5. Тоқыма киімдер

Трикотаж костюм, ұзын свитер, ірі жіптен тоқылған кардиган сынды киімдер күзгі образды керемет ашады. Егер тоқылған киім кисеңіз, онда былғары, металл материалдармен үйлестіргеніңіз жөн. Әйтпесе, үй киім сияқты көрініп қалуы мүмкін.

Қандай түстер сәнді болады десеңіз: ақшыл сарғыш, сұр, карамель.

6. Маусымның сәнді түстері

  • Bordo red (бордо): кеңсеге киетін костюм болсын, кешкі көйлектер болсын осы түстен тігілсе, ерекше көрінеді.
  • Emerald green (зүбаржат, көк-жасыл түс): пальто, көйлек, аксессуарларды осы түстен таңдасаңыз болады.

Стилистер кеңесі: зүбаржат түсті киім кигенде образды күміс не бордо-карамельпен толықтырсаңыз болады. Бұл комбинация ғажап үйлеседі.

7. Ботфорт және қонышы ұзын етік

Биыл күзде ұзын қонышты етіктер сән болады. Тізеден жоғары тұратын ботфорт, қонышы ұзын етіктерді гардеробыңызға қосып алсаңыз, өкінбейсіз.

Жаңа тренд: эко-былғарыдан тігілген, өкшесі платформа етіктер қазір Еуропада Z ұрпақ арасында танымал болып жатыр.

8. Макро және микро сөмкелер

Сөмкелердің образды толықтыратын бірден-бір аксессуар екені белгілі. Өте үлкен сөмкелерді күнделікті өмірде ұстап, шағындарын той, жиындарға ұстасаңыз болады. Айтпақшы, инфлюенсерлер қазір екеуін де қатар ұстайтын болып жүр. Солай да істеп көріңіз.

Мәселен былай: үлкен shopper bag пен кіп-кішкентай сөмкені қатар ұстауға болады.

9. Ретро-стиль: 70-90-жылдарға ораламыз

  • 70-жылдардағы: барқыт костюмдер, балағы кең шалбар, неше түрлі принті бар жейде қайта сән болып жатыр.
  • 90-жылдардағы: минимализм стиліндегі киімдер, тік джинса, былғары күртешені қуана-қуана үйлестіріп киетін болған.

2025 жылы осы екі кезеңдегі трендтерді біріктіріп, бір образ шығаруға болады. Мысалы барқыт пиджактың ішінен аспабауы жіңішке топ кисе әдемі көрінеді. Болмаса, балағы жалбырап тұратын шалбар мен былғары күртеше киіп шығыңыз.

10. Tech-fashion тренд

Заман өзгерген сайын жаңа материалдар шығып тұрады. Қазір смарт маталар қолданыста бар. Күртешелердің ішіне жылытқыш салады, пальто болса, су өткізбейтін матадан тігіледі дегендей.

Қызық дерек: Adidas пен Nike дене температурасын бақылайтын смарт элементтері бар коллекцияларды сынап жатыр.

Күзгі гардеробымызды бірге жасайық!

 1. Сырт киім

  • Oversize палто (ақшыл сарғыш, сұр, бордо)
  • Кейп немесе жамылғы — кешке серуенге шыққанда ыңғайлы
  • Былғары күртеше — эко-былғарыдан таңдасаңыз болады.
  • Парка немесе мамық күртеше — ызғарлы күні тоңып қалмас үшін ішінде жылытқышы бар, мембраналы матадан тігілген түрлерін таңдаңыз.

Кеңесіміз: шама келсе сәл үлкендеу қылып алыңыз. Сонда ішінен қалың свитер кие бересіз.

2. Астына киюге база

  • Тік джинса (ақшыл көк немесе сұр деним) — күнделікті образға үйлеседі.
  • Клеш-шалбар немесе wide leg — 70-жылдардың вайбы сезіледі.
  • Металлик түсті миди белдемше — кроспен де, етікпен де үйлесе беретін тренд киім.

3. Трикотаж матадан киімдер, свитер

  • Трикотаж костюм (кең шалбар + жемпір) — 2025 жылғы must-have деуге болады.
  • Ірі жіптен тоқылған свитер (ақшыл, сұр, карамель түсті).
  • Ілгегі бар кардиган — сырт киім қылып та кие бересіз.
  • Жұқа водолазка —бірнеше қабат киім кигенде жақсы.

4. Көзге бірден көрінетін образ

  • Slip dress көйлек (атлас, барқыт) — жиындарға киіп баруға болады, сыртынан oversize пальто киіп аласыз.
  • Ер адамдарға лайықтап пішілген жакет — кеңсеге киюге не casual стильге таптырмайды.
  • Ерекше принті бар жейделер — 70-жылдарға қайта оралғандай көрінеді.

5. Аяқ-киім

  • Ботфорт — былғары не күдері етік.
  • Қонышы ұзын етік — жұмсақ былғарыдан тігілген, көп образға үйлесе береді.
  • «Ретро» стиль кросс— трендтен түспейді.
  • Табаны қалың лофер — кеңсеге де, күнделікті серуенге де ыңғайлы.

6. Аксессуарлар

  • Макси-сөмке — ішіне көп зат сыяды, күнделікті ұстағанға ыңғайлы.
  • Микро-сөмке — той-жиындарға ұстап барасыз.
  • Металлик сәндік бұйымдар — сырға, жүзік, білезік.
  • Ірі жіптен тоқылған шарф — ерекше фактура қосады.
  • Белдік — пальто не жакет сыртынан тағып аласыз.

7. Түстер палитрасы

  • База ретінде: ақшыл сарғыш, сұр, ақшыл, қара.
  • Акцент беруге: бордо, зүбаржат, карамель.
  • Образды толықтыруға: күміс және алтын аксессуарлар қосқан жөн.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін онлайн шопиң жасауға ең ыңғайлы уақыт туралы жазған едік.