
Алматы халықаралық әуежайда демалыс күндері «Алматының символы – сыйлыққа» атты акция өтті. Шетелдік меймандарға Алматы апорты ұсынылды.
Әкімдіктің ақпаратына қарағанда, іс-шараны Қала күніне орай Алматының Туризм басқармасы ұйымдастырды.
«Апорт – жай ғана жеміс емес. Ол шаһар тарихынан сыр шертетін, мінезін айшықтайтын, талайдың балалық шағын еске түсіретін дәм. Қаланың өткені мен бүгінін, салты мен дәстүрін қысқаша әңгімелеп берген сәтте алманың дәмі ерекше әсер қалдырды», делінген хабарламада.
Екі күн ішінде акция аясында халықаралық рейстермен келген 5 мыңнан астам жолаушы осындай ерекше сый-сияпатқа ие болды. Кейбір туристер үшін бұл қазақ мәдениетімен танысу болса, енді біреулер үшін қайта келуге себепкер – жылы естелік.
Айта кететін жайт, шетелдіктер арасында Алматыны көруге деген қызығушылық артып келеді. Айталық, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қалаға келген туристер саны 6,5% өскен. Жалпы, 1 миллион 140 мыңнан асты.
Қаланың имиджін ілгерілету, ауқымды іс-шараларды өткізу және әуе қатынасын кеңейту Алматыны өңірдегі тартымды туристік орталықтардың біріне айналдырып отыр.
Айта кететін жайт, «Көктөбе опера – 2025» фестиваліне байланысты аспалы жолдармен тауға көтерілу тегін болды.