Тауда адасып кеткен Үндістан азаматтары құтқарылды

Тауда адасып кеткен Үндістан азаматтары құтқарылды. Құтқарушылар Космостанция маңында екі үндістандық азаматқа жәрдемдесті.
Zakon.kz мәліметінше, 2001 және 2003 жылы туған шетелдік студенттер тауға шығып, өз бетінше қайта түсе алмай қалған.
Олар Космостанция аумағында, теңіз деңгейінен 3336 метр биіктікте қалып қойған.
Құтқарушылары дереу оқиға орнына жетіп, екі жасты тау шатқалынан аман-есен түсіріп, қалаға жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
«Біз шетелдік студенттерміз. Алматы шыңына көтерілдік. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты уақытылы қайта түсе алмадық. Суықта қатты тоңдық. Бірақ Қазақстан құтқарушыларының арқасында аман қалдық. МЧС қызметкерлері бізді қатты жел мен қатты суықтан құтқарды. Үлкен рақмет», – деді құтқарылған жастар.
Сондай-ақ дәл осы түні Титова көлі маңында түнгі уақытта тауда қалып қойған ер адам да құтқарылды.
Мұның алдында Алматы тауларында 20 жастағы жігіт жоғалып кеткен еді.