
Қазақстандағы музыка индустриясының уақыт өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді. Оны біз әлемдік чарттардың қатарында жүрген әндерімізден білсек болады. Оған қоса, жаңа жұлдыз да күн санап көбейіп жатыр. Kursiv.Media тілшісі кейінгі айда Spotify Weekly Chart тізімінде ең жиі тыңдалған, танымал қазақстандық хиттерді шолып шықты. Бұл әндерді сіз де күнде тыңдап жүрген болуыңыз мүмкін. Болмаса, әлеуметтік желіден һәм телевизия не радио эфирінен естігеніңіз анық.
Duman — Баяғыдай
Жанры: поп / этно
Стримдері: ~4 миллионнан астам
Ән мен әнші туралы: Думан Марат — жас әнші. Чайковский атындағы музыкалық колледжде оқып жатыр. Ашық дереккөздерде әнші туралы ақпарат көп емес. Оның «Жіберем қалай?» деген әні тыңдарманның көңілінен шықты. «Баяғыдай» әнінде бұрынғы махаббатына жүректегі сөзін жеткізгісі келген ғашық сипатталады.
6ELLUCCI — Kobelek
Жанры: поп / хип-хоп
Стримдері: ~3 миллионнан астам
Ән мен әнші туралы: Кейінгі жылдары қазақстандық музыка индустриясына жаңа серпін әкелген хип-хоп топ. 2023 жылы Jamal & Ganja деген танымал продюсердің лейблінде жүріп, өнерге қадам басқан. Ал қазір олар стадион жинайтын, фестивальдерге шақырылатын басты қонаққа айналды. Бетпердемен шығатын қызылордалық жігіттер туралы ақпарат көп емес. Десе де, бір жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда 6ELLUCCI тобы қазір желіде белсендірек, сұхбаттарға жиі баратын болып жүр.
Kazybek Kuraiysh — Бақытыңды табасың
Жанры: поп-фолк
Стримдері: ~3 миллионнан аса
Ән мен әнші туралы: қазақы мотиві айрықша көрініп тұратын, лирик әнші. Интернетте Қазыбек туралы мардымды ақпарат жоқ. Бір сұхбатында «көпшілік алдына шығып сұхбат беруге келгенше шорқақпын. Бұдан арылу керек» деген екен. Әншінің өзі орындап жүрген туындыларынан бөлек, Бүркіт пен Аиша, Қуандық Рақым, Muzart Life мүшелеріне де арнап жазған әндері тыңдарманға жеткен. «Бақытыңды табасың» әнінде бұрынғы ғашығына тек игілік тілеген жігіттің сөздері баяндалады.
Айқын Төлепберген — Сүйгенім
Жанры: поп-баллада
Стримдері: ~2 миллионнан аса
Ән мен әнші туралы: Айқын үнемі махаббат туралы романтикалық композициялар орындайды. Бұл әні де асыл сезім туралы. Айтарлықтай терең мағына һәм ұтымды ұйқас таппауыңыз мүмкін. Бірақ аранжировкасы, әуені мен әншінің дауысы ол олқылықты жасырып тұрғандай. Заманауи аудиторияны қамтығысы келген болса керек, сөз арасында ағылшынша сөздер қосқан. 2025 жылдың басында шыққан әннің YouTube-тағы қаралымы 15 миллионнан асқан.
Ернар Амандық — Keipker
Жанры: қазақша поп
Стримдері: ~2 миллионнан астам
Ән мен әнші туралы: Ернар Амандықтың бірқатар әні жастар арасында кең танылған. Бірақ оның түр-келбетін көп тыңдарман біле бермеуі мүмкін. Өйткені ол сахнадан жиі көрінбейді. Соло кешін де биыл ғана өткізді. Лирикалық әндерді әуезін келістіріп орындайды. Бүгінде фанбазасы қалыптасып келеді. Әннен бөлек, театр және кино әлемінде де қолтаңбасын қалдырғысы келеді. Әншінің «Кейіпкер» деген әнінде сүйгеніне деген ыстық ықыласын әдемі жеткізеді. «Әндерімнің ішіндегі сен кейіпкері, Сені сүйіп талғамым биіктеді» деген тұсы желіде трендке айналып, сол үзіндімен видео салғандардың қарасы көп.
ALEM — Kuiim
Жанры: этно-поп
Стримдері: ~2 миллионнан астам
Ән мен әнші туралы: Alem — еліміздегі ең танымал хитмендердің бірі. Баршамызға жақсы таныс Ninety One тобының белді мүшесі. Топ осы жақында ғана сахнаға қайта оралды. Оған дейін топтағы жігіттер жеке өмірдегі жаңалықтарына байланысты біраз уақыт демалыс алған еді. Сол аралықта олар үйленді, балалы болды. Ерекше атап өтерлігі, Әлем декрет демалысында жүрсе де өнерден қол үзбеді. Бірнеше жаңа ән шығарып, оның бәрі тыңдарманға айрықша ұнады. Kuiim әнінде махаббатқа мас болған ғашықтың оқиға баян болады. Ұйқасына қатысты біраз сын айтылғанымен, әншінің орындаушылық шеберлігі, аранжировка керемет үйлескен.
IL’HAN — Country
Жанры: альтернатив поп
Стримдері: ~1 миллионнан астам
Ән мен әнші туралы: Ильханды экспериментатор әнші деуге болады. Өйткені жанрларды араластырып, үйлестіріп, микс жасағанды жақсы көреді. Жастарың сүйікті орындаушыларының бірі деп сенімді түрде айта аламыз. Оның бұған дейінгі бірқатар әні топ жарған. Әнші туралы аз-кем ақпарат айта кетсек. Батыс Қазақстан облысының тумасы, жасы 23-те. Музыкалық білімі бар, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық Эстрада цирк колледжі. Ұрмалы аспап (барабан, оркестр дирижері) мамандығын бітірген. Биыл мамырда Almaty Arena-да концерт өткізіп, солд-аут жасаған. Country әнінде бұрын қыз-жігіт боп кездескен ғашықтар туралы шырқалады.
ARTUR, RICK — Дай
Жанры: поп-музыка
Стримдері: ~1,5 миллионнан астам
Ән мен әнші туралы: Артур Даулетияровты көпшілік Raim-мен дуэт болған кезден жақсы біледі. Топ тарап кеткеннен кейін де Артур бірнеше әнін жарыққа шығарды. Оралдық әншінің осыдан 4 айдай уақыт бұрын шығарған «Дай» әні де демде хитке айналды. Желіде онша белсенді емес. Көп уақытын студияда ән жазуға арнайтынын білеміз. Үйленген, екі қызы бар.
YENLIK — Meili
Жанры: поп-музыка
Стримдері: ~300 мыңға тарта
Ән мен әнші туралы: Еңлік — жас әнші. Әке-шешесі де өнерге жақын, ән жазады. Еңліктің де өнер жолын таңдауына осы себеп болса керек. Абылайхан атындағы шет тілдер университетін тәмамдаған. Ерболат Беделханның JuzAcademy-інен вокал, рэп, би сабақтарын алған. Әншінің бұған дейін де бірқатар әні тыңдарманға ерекше ұнаған. Ал кейінгі шығарған «Мейлі» хиті осыдан санаулы күн бұрын жарыққа шықса да, тренд болып шетелге дейін таралды. Әннің ресми релизі шықпай тұрып-ақ, әлемнің әр бөлігіндегі қолданушылар үзіндіні пайдаланып, видео салып жатты. Қазір ресми парақшада әннің YouTube-тегі қаралымы 1 миллионнан асқан. Ал Spotify-да 300 мыңға жуық рет тыңдалған.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қазақстандық музыкант Иманбек (Imanbek) екінші рет «Грэмми» сыйлығына ұсынылғаны туралы жазған едік.