Арыста әскери бөлімге бірнеше адам заңсыз кірмек болған

Жарияланды (жаңартылды )
Арыста әскери бөлімге кірмек болғандар ұсталды/Фото: shutterstock.com

Түркістан облысы Арыс қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігіне қарасты №44859 әскери бөліміне белгісіз адамдар заңсыз кіруге тырысқан. Шымкент гарнизоны баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери күзеттегі қарауыл дер кезінде жарғыға сай қимылдап, бөгде адамдардың әскери нысан аумағына өтуіне жол бермеген. Оқиға 19 қыркүйекке қараған түні болған.

«Оқиғаға қатысты мән-жайларды құзырлы органдар зерттеуде. Қорғаныс министрлігі әскери нысандар ерекше режимдегі нысандарға жататынын, оларға заңсыз кіруге қатаң тыйым салынатынын және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады» делінген Шымкент гарнизонының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айта кетейік, 2019 жылдың маусым айында аталған әскери бөлімде оқ-дәрілері қоймасында жарылыс болып, Арыс қаласының 45 мыңнан аса тұрғыны түгел қауіпсіз аймаққа көшірілді. Оқиға кезінде 3 адам қаза тапты, 400-ден аса адам медициналық көмекке жүгінді. Жарылыс салдарынан қаладағы үйлердің 90 пайызы жарамсыз болып қалды. Кейіннен қала қайта қалпына келтірілді. Ал жарылысқа қатысты 16 әскери қызметкер түрлі айпыппен әртүрлі мерзімге сотталды.

Сондай-ақ оқыңыз