Мақтааралда қалыңдығымен кездесуге барған жігіт кісі қолынан қаза тапты (видео)

Мақтааралда көрші ауылдағы қалыңдығымен кездесуге барған 30 жастағы жігіт кісі қолынан қаза тапты. Туыстарының сөзінше, оны 6 жігіт өлімші етіп сабап, азаптап ауыл шетіне тастап кеткен. Артынша аудандық ауруханаға жеткізген. Төсекке таңылған жігіт 3 айдан соң, жан сақтау бөлімінде қайтыс болған.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Қоңырат ауылының тұрғыны 30 жастағы Азиз Құралбаевтың кісі қолынан қаза тапқанына бір жылға таяды. Марқұмның туыстары әлі күнге әділдікке жете алмай отырғанын айтады. Олар марқұм болған жігітті көрші ауылдың жігіттері «сөйлесіп жүрген қызымен кездесуге» барғаны үшін ұрып-соғып азаптаған. Ауыр соққыдан есін жоғалтқан жігіт 3 ай жан сақтау бөлімінде жатып, қайтыс болған.
Марқұмның ағасы Альмир Құралбаевтың сөзінше, оқиға 2024 жылдың 11 қарашасында болған. Қалыңдығына барған жігітті ертеңіне туыстары аудандық аурухананың жан-сақтау бөлімінен тапқан. Айтуларынша, ұрып-соққаннан оның денесінде сау тамтығы қалмаған.
«Түске жақын кіші інім хабарласты. Аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр екен. Кірсем, Азиздің сау жері жоқ. Оң жағы қатты ісініп кеткен. Көзінің айналасы қанталаған. Теуіп тастағаннан оң жақ қабырғасы да көгеріп жатты. Ал қолын темекі басып, күйдіріпті. Інім 3 ай комада жатты. Ақпанның 3-і жаны үзілді», – дейді марқұмның ағасы.
Ал марқұмның туысы Мөлдір Үсенбаева Азиз Құралбаевтың өліміне 6 жігіттің қатысы бар деп отыр. Алайда сот алдында 4 адам жауап беріп жатыр. Ал екеуі куә ретінде танылған. Олар тергеу ісінің бұл шешімімен келіспейді.
«Қайнымды түн ортасында көрші ауылдың 6 жігіті ауыл шетіне алып барып, аса қатігездікпен аяусыз ұрып-соққан. Қайным ауыр соққыдан талып қалған. Оның есін жинату үшін күннің суықтығына қарамай үстіне салқын су, аузына ішімдік құйып, тіпті алтауының бірі ояту мақсатында қолына темекі де басқан. Ес-түссіз жатқан қайнымды ауыл шетіне тастап кетеді. 2 сағаттан соң қайта келіп, оны ауруханаға жеткізеді», – дейді Үсенбаева.
Облыстық соттың дерегінше, іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр. Сот үкімі әлі шықпаған.
«Айыптау актісі бойынша 4 сотталушы бар. Екі сотталушы – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен, екі сотталушы 106-баптың 3-бөлігімен айыпталған. Қазіргі таңда жарыссөз бітті, судья кеңесу бөлмесінде» деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Десе де Азиз Құралбаевтың туыстары алғашында күдікке ілінген алты адамның екеуі жазасыз қалатынымен келіспейді. Олардың құқық қорғау органдарында тамыр-таныстары болуы мүмкін деп болжайды. Сондай-ақ екі жігіттің материалдың жағдайы жақсы болған соң, жауапкершілікке тартылмай отыр дегенді айтады. Сондықтан президентке, бас прокуратураға бұл істі назарға алуын сұрап үндеу жасады.