Қазақстан Amazon компаниясының өңірдегі байланыс орталығына айналуы мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскимен кездесті.
Ақорданың хабарлауынша, тараптар цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект саласындағы жобаларды талқылаған.
Президент Amazon компаниясының еліміздің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ «Қазақтелеком» компаниясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарына қолдау білдірген.
«Ынтымақтастық Қазақстан аумағындағы жылдамдығы жоғары интернетті қамтамасыз ету және киберқауіпсіздікті нығайту секілді стратегиялық маңызды бағыттарды қамтиды. Amazon тек елімізге қатысты жобаларды жүзеге асырумен шектелмей, Қазақстанды спутниктік байланыстың өңірлік хабын қалыптастыруға болатын алаң ретінде қарастырып отыр», – делінген ақпаратта.
Қазақстан президентінің Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында «Қазақтелеком» және Amazon Kuiper компаниялары Kuiper спутник желісінің қызмет көрсетуіне қатысты дистрибьюторлық келісімге қол қойды.
Соған сай Amazon Kuiper компаниясы Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында өзінің жердегі инфрақұрылымын жасақтауды көздейді. Бұл жобаға 200 миллион долларға жуық инвестиция салу жоспарланған.