
Halyk Bank акционерлеріне 2024 жылдың қорытындысы бойынша қосымша дивиденд төлебек. Бұл туралы банктың хабарламасы қор биржасында жарияланды.
Банк қарапайым акцияға 21 теңге мөлшерінде дивиденд төлейді. Жалпы сома 229,2 млрд теңгеден аспайды. Реестрді бекіту күні – 23 қыркүйек (Алматы уақытымен 00:00), ал KASE жүйесі бойынша – 19 қыркүйек. Төлем 25 қыркүйектен басталады.
Еске салайық, мамыр айында Halyk Bank акционерлеріне әр акция үшін 29,64 теңге (323,5 млрд теңге) дивиденд төлеген болатын. Осылайша, 2024 жылға төленетін дивидендтердің жиынтық көлемі бір акцияға шаққанда 50,64 теңгені құрайды.
Halyk Bank – Қазақстандағы ең ірі банк. 2025 жылдың маусымындағы мәлімет бойынша, оның активі 18,6 трлн теңгеге жеткен. Банк Лондон мен Алматы биржаларында тіркелген, ал оның негізгі иелері – Құлыбаевтар отбасы.