Жаңалықтар

Қазақстан Қытай валютасында қарыз алмақ

2 млрд долларға тең облигация шығарылады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Биыл Қазақстан Қытай валютасында қарыз алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Bloomberg басылымы ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Оның айтуынша, Үкімет 2 млрд долларға тең соманы юань түрінде облигациялар шығару арқылы тартпақ. Бұл қаражат Қытаймен бірге салынатын жаңа зауыттар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Жобалардың ішінде жүгері өңдеу, металл және энергетика өндірісі бар. Жұманғариннің айтуынша, Қытайға бағытталған экспорттық жобалар үшін юаньмен қарыз алу тиімдірек әрі арзан.

Мұндай қадам Қазақстанның сенімді қарыз алушы екенін көрсетуге де бағытталған. Бұған дейін мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялар долларлық қарыз тартқан еді, ал енді алғаш рет юаньда облигация шығару көзделіп отыр.

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналды. Маусым айында екі ел арасында 24 млрд доллардан астам келісім жасалды. Одан кейін Қазақстанның бірқатар ұлттық компаниялары да Қытай нарығынан қаржы тарта бастады: Даму банкі 2 млрд юань көлемінде облигация шығарды, «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» да юаньда қарыз алуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның қазір барлық ірі халықаралық рейтингтік агенттіктерден инвестициялық деңгейдегі бағасы бар. Fitch агенттігі елдің рейтингін «жақсы» деңгейде ұстап тұрса, S&P тамыз айында Қазақстанға қатысты болжамды «оңға» өзгертті.