Қазақстанда кірісті жылыстатуға қарсы заң қатаңдатылды

Қазақстанда кірістерді жылыстатуға қарсы заңнама қатаңдатылды. Заңға «қаржы мониторингіне жататын клиенттің күмәнді қызметі» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл – уәкілетті органдарда күмән туғызатын ақшамен немесе мүлікпен жасалған екі және одан да көп операцияларды білдіреді. Сонымен қатар қаржы ұйымдарына клиенттердің күмәнді тұлғалар тізіміне енгізілгені жөнінде оларды хабардар етуге тыйым салынды.
2025 жылғы 19 қыркүйекте қабылданған өзгерістерге сәйкес заңға бірқатар жаңа ұғым мен талаптар енгізілді.
Банктерді қалқа етуге тыйым салынады
Жаңа заң нормаларына сәйкес, елімізде банктерді қалқа ретінде пайдалануға тыйым салынды. Бұл талап көлеңкелі қаржы құрылымдарының пайда болуына тосқауыл қоюды көздейді.
«Клиенттің күмәнді қызметі» ұғымы
Заңда алғаш рет «қаржы мониторингiне жататын клиенттің күмәнді қызметі» деген ұғым енгізілді. Ол – клиенттің ақшамен немесе өзге де мүлікке қатысты жасаған екі және одан да көп күмәнді операцияларының жиынтығы.
Мұндай операциялар қылмыстық жолмен алынған кірістерді, терроризмді немесе жаппай қырып-жою қаруын таратуға байланысты әрекеттерді қаржыландыруға қатысты болуы мүмкін.
Қаржы мониторингі субъектілері мен олардың қызметкерлеріне уәкілетті органнан күмәнді тұлғалар тізімін алған жағдайда, бұл туралы клиенттерге немесе үшінші тұлғаларға хабарлауға қатаң тыйым салынды.
Жаңа түзетулер аясында жария қызмет атқаратын тұлғаларға жататын адамдардың тізбесі нақтыланды.
Қаржы мониторингі аясында енді байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы да қамтылады. «Күмәнді қызмет» ұғымы аударымдардың мерзімділігіне, көлеміне және бағытына қарай айқындалатын болды.
Цифрлық активтермен жасалатын бүкіл операцияларға алғаш рет бірыңғай шек белгіленді: 5 млн теңгеден асқан жағдайда олар қаржы мониторингіне жатады.
Мәдени құндылықтарды қолма-қол сату-сатып алу операциялары бойынша бақылау күшейтіліп, қаржы мониторингіне ілігетін шек 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендетілді.
Жақында заңсыз шығарылған активтерді қайтару комитетінің атауы өзгерген.