Жаңа Салық кодексі: жеңілдетілген режим қолданылмайтын кәсіп тізімі бекітілген жоқ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
налог
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі (АСР, яғни СНР) қолданылатын салалар тізімі қысқармақ. uchet.kz сайтында жарияланған жобаны шағын және орта бизнес өкілдері қызу талқылап жатыр. Құжатқа сәйкес,  экономикалық қызмет классификаторында 1090 аса код бар десек, соның 990-на жеңіл салық режимін қолдануға тыйым салынбақ.

Алайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төраға орынбасары Тимур Жаркенов түсіндіргендей, әзірге жарияланған тізім – түпкілікті нұсқа емес, тек жоба. Оның айтуынша, ұсынылған шектеулердің арасында одан да қатаң нұсқалар бар, ал «Атамекеннің» басты міндеті – тізімді ықшамдап, шағын және орта кәсіп иелерінің барынша көп бөлігі жеңілдетілген режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Қандай салалар жеңіл салық режимін қолдана алмайды?

Жобадағы тізім өте кең ауқымды қамтиды. Арнайы салық режимін қолдануға болмайтын қызмет түрлерін бірнеше ірі секторға бөлуге болады.

1. Ауыл шаруашылығы
Тізімнің алғашқы бөлігінде егіншілік пен мал шаруашылығы түгелге жуық қамтылған. Атап айтқанда: астық, көкөніс, жеміс-жидек, техникалық дақылдар (мақта, қант қызылшасы, темекі, т.б.) өсіру, мал шаруашылығы (ірі қара, қой-ешкі, жылқы, шошқа, құс),
аралас ауыл шаруашылығы, аңшылық пен балық аулау.

2. Орман және балық шаруашылығы

Орманды пайдалану, ағаш дайындау, балық өсіру мен аулау да жеңілдетілген салық режимінен шығарылмақ.

3. Кен өндіру өнеркәсібі
Көмір, мұнай-газ, темір, мыс, уран, алтын, сирек металдар, асыл тастар және құрылыс материалдарын өндіру толықтай тыйым салынған салаға жатады. Бұл бағытта негізінен ірі компаниялар жұмыс істейтіндіктен, мемлекет шағын бизнестің қатысуын қажет деп санамайды.

4. Өңдеу өнеркәсібі
Ет, сүт, балық өнімдері, ұн, қант, сусындар, темекі өндірісі, тоқыма, киім, былғары, жиһаз, қағаз, құрылыс материалдары, химия, фармацевтика, металлургия, машина жасау, электроника, көлік құралдары – осының бәрі жеңілдетілген режимнен тыс қалмақ.

5. Энергетика және коммуналдық қызметтер
Электр энергиясын, газды, жылуды, суды өндіру мен тарату, кәріз жүйелері, қалдықтарды жинау және қайта өңдеу де СНР қолданбайтын қызметтер қатарына енгізілген.

6. Құрылыс
Тұрғын үй және өндірістік нысандар, жолдар, көпірлер, инженерлік желілер, электр желілері мен құбырлар, сондай-ақ арнайы құрылыс жұмыстары – барлығы жалпыға ортақ салық тәртібіне көшірілуі мүмкін.

7. Сауда
Ең үлкен өзгерістердің бірі – сауда саласына қатысты. Автокөлік пен мотоцикл сату, жанармай, ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік пен өнеркәсіптік тауарлардың көтерме саудасы, сондай-ақ ірі бөлшек сауда нысандары (2000 м² және одан жоғары) жеңілдетілген режимнен шығарылады. Бұл – супермаркеттер мен көтерме орталықтар үшін ерекше маңызды талап.

Неге мұндай шектеу енгізілмек?

Жаңа Салық кодексінің мақсаты – жеңілдетілген режимді тек шағын көлемді қызмет пен өндірісте сақтау. Ал капиталды көп қажет ететін, жоғары табыс әкелетін, әлеуметтік маңызы зор салаларда салықтық жеңілдіктерді алып тастау көзделіп отыр.

Бизнес қауымдастық бұл тізімнің ауқымдылығына алаңдаулы. «Атамекен» ҰКП Үкіметпен келіссөздер жүргізіп, шектеулерді жеңілдетуге тырысып жатыр. Қазірдің өзінде кейбір оң өзгерістер бар екені айтылуда, бірақ процесс күрделі.
Жаркенов кәсіпкерлерді белсенділік танытып, өз салалары бойынша негіздемелер әзірлеуге шақырды.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстанда салық төлеуге арналған бірыңғай платформа енгізілуі мүмкін екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз