
Өткен аптада әлемдік қаржы нарықтары аралас динамика көрсетті. Инвесторлар үшін басты назардағы оқиғалар – АҚШ Федералдық резерв жүйесінің кезекті шешімі, Жапония орталық банкінің жаңа ұстанымы және Дональд Трамп пен Си Цзиньпин арасындағы күтілетін келіссөздер болды. Бұл факторлар нарықтағы құбылмалылықты арттырып, әр аймақтағы индекстердің бағытына әртүрлі әсер етті.

АҚШ нарығы – жаңа тарихи шыңда
S&P 500 фьючерсі бір аптада 1,12%-ға өсіп, 6664 пунктке жетті. Бұл – жаңа тарихи максимумға жақын деңгей. Алдыңғы шың 6659 пункт шамасында тіркелді. Техникалық тұрғыдан алғанда, индекс негізгі 6500–6600 базалық таргетін орындап қойды. Ендігі назар – 6610–6630 қарсылық аймағын сенімді түрде бұзу-бұзбауында. Егер бұзу расталса, нарық экстремалды раллиге кіріп, 6850–6950 межелеріне ұмтылуы ықтимал. Керісінше, егер қысым күшейіп, индекс төмен сырғаса, 6510–6530 деңгейінде қолдау күтіп тұр.
Dow Jones та оң динамика көрсетті (+0,52%). Бұл – инвесторлардың тәуекелге деген тәбеті әлі де сақталғанын аңғартады. SPDR S&P 500 ETF Trust (SPY) қорына бір апта ішінде шамамен 3,65 млрд доллар құйылды. Соңғы үш аптада дәл осындай көрініс байқалғанымен, әр жолы апта соңында кері ағын тіркеліп отырған. Бұл жолы да толық деректерге дейін асығыс қорытынды жасауға болмайды. Егер шынында да ірі капиталдың нарықтан кетуі жалғасса, бұл алтыншы апта қатарынан тіркелген аутфлоу болады.
ФРЖ және Джером Пауэллдің мәлімдемесі
Сәрсенбі күні ФРЖ мөлшерлемені 0,25 пайыздық пунктке түсірді. Сонымен қатар 2025 жылы тағы екі рет төмендету жоспарланып отырғаны белгілі болды. Бұл шешім, әдетте, нарыққа оң ықпал етуі тиіс еді. Бірақ Джером Пауэлл риторикасын қатаңдатуға тырысты. Ол инфляциялық тәуекелдерді, еңбек нарығындағы баяулау үрдісін атап өтті және ФРЖ-ның Ақ үй әкімшілігінен тәуелсіз екенін ерекше айтты. Президент Трамптың қысымына қарамастан, регулятордың шешімдері объективті қабылданатынын көрсетуге тырысқандай болды.
Инвесторлар бастапқыда мұны сақтықпен қабылдап, қысқа мерзімді сатылымдар болды. Бірақ көп ұзамай нарық қайтадан өсу траекториясына түсті. Қаржыгерлер ФРЖ-ның ставканы төмендету бағытын жалғастыратынын басты сигнал ретінде бағалады.
Азия және Еуропа нарықтары
Қытай нарығында қарама-қайшы жағдай қалыптасты. Hang Seng индексі аптаны +0,02% өсіммен аяқтаса, Shanghai Composite -1,43% төмендеді. Бұл Қытай экономикасындағы құрылымдық қиындықтар мен инвесторлардың сақтығын білдіреді.
Ұлыбританияда FTSE 100 -0,87% құлдырады. Энергия нарығындағы белгісіздіктер мен жаһандық өсімге қатысты әлсіз болжамдар Лондон биржасына қысым түсірді.
Ресейде жағдай тіпті күрделі болды: Мәскеу биржасы апта ішінде -5,37% жоғалтты. Бұл геосаяси факторлармен қатар, капиталдың кету үрдісімен де байланысты.
Қазақстан нарығы
KASE индексі бір аптада -0,95% төмендеді. Ұлттық валюта да қысымға ұшырап, USD/KZT бағамы ₸541,50 деңгейінде бекіді (+0,57%).
Компаниялар арасында айтарлықтай өсім көрсеткендер:
- ҚазМұнайГаз (KMGZ) – +8,28%
- KZAP – +1,88%
- Freedom Holding (FRHC) – +1,70%
Ал әлсіз нәтижелерді тіркегендер қатарында Halyk Bank (HSBK) (-4,73%) және Kcell (-1,12%).
KMG осы аптада өз рекордын жаңартты. Жұмада прайс 22 177,9 теңгеге дейін көтерілді. Осылайша нарықтық құн бойынша 28 млрд долларға жетіп, қызылдарды (KSPI) біраз артқа тастады.
Уран бағасы 77 долларға дейін өсті. АҚШ уран резервін арттыруды көздейді, ал Ұлыбританияның энергетикалық жаңа стратегисы уран бағасын екі айлық максимумға шығарды. Қазатомпром үшін жоғары прайс, сәйкесінше қымбат акцияға айналады…
Халық банктікі енді бәрі күткендей жағдай орын алды. Бірақ осындай қарқынмен құлдырау болады деп күтпедік. Келесі аптада «дивидендке» қонақ инвесторлардың акциядан шығу үрдісі жалғаса береді деп күтілуде.
Шикізат және криптовалюта
- Мұнай (Brent) 66,70 доллар деңгейінде, апталық төмендеу -1,11%. Қолдау аймағы 66,00–68,00 доллар ал келесі деңгей 56,00–58,00 доллар деп бағаланып отыр. Қазан айының соңына дейін техникалық тұрғыдан әлсіз кезең жалғасуы ықтимал.
- Алтын 3 682,8 долларға (+0,93%) жетіп, тарихи максимум жаңартты. Нарық енді $3850–3950 экстремалды таргетіне бағыт алуы мүмкін. Дегенмен, рекордтық артық сатып алу жағдайы инвесторларды алаңдатып отыр.
- Биткоин аптаны -0,47% төмендеумен 115 372 доллар шамасында жапты.
Валюта нарығы
EUR/USD жұбы 1,19180 деңгейіне жеткенімен, Пауэллдің «қырандық» риторикасынан кейін 1,17660-қа дейін түзелді. Егер 1,17000-нан төмен түспесе, алдағы уақытта 1,19500–1,20500 межелеріне жету ықтималдығы сақталады.
Аптаның басты күтіп отырғаны – Трамп пен Си келіссөзі
Нарық қатысушылары үшін ең маңызды фактор – АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы телефон арқылы өтетін сауда келіссөзі. Трамп бұған дейін ұзақ мерзімді келісімге «жақсы мүмкіндіктер бар» екенін айтқан еді. Егер тараптар нақты прогресс жайлы хабар таратса, бұл S&P 500 индексінің жаңа рекордтық серпін алуына жол ашуы мүмкін