Этникалық қазақ Өзбекстанға грек-рим күресінен тарихи алтын әкелді

Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында этникалық қазақ балуан Айтжан Қалмаханов Өзбекстан құрамасына тарихи жеңіс сыйлады. 19 жастағы спортшы 63 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.
Финалда Қалмаханов Оңтүстік Корея өкілі Чунг Хан-Жэні айқын басымдықпен ұтты. Бұған қоса, ширек финалда Қазақстан балуаны Ержет Жарылқасыннан басым түскен болатын.
Айтжан Қалмаханов – бұған дейін жастар арасындағы әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінде жеңімпаз атанған дарынды спортшы. Жыл басынан бері ірі үш халықаралық жарыста топ жарған, енді ересектер арасында да әлемдік деңгейде өз мықтылығын дәлелдеді.
Айта кетейік, дәл осы чемпионатта 60 келі салмақта қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали да жеңімпаз атанған еді. Сұлтанғали XXI ғасырда Қазақстан тарихында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы болып отыр.