Алматыда Қала күніне арналған іс-шараларға жарты млн-нан астам адам қатысты

Жарияланды 22 Қыркүйек 2025 09:54

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қала күні / фото: Алматы әкімдігі

Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараларға мегаполистің 500 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы атсалысты. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Мәселен, KitapFest фестивалін 40 мыңнан астам адам тамашаласа, Тұңғыш Президент саябағындағы іс-шараларға 100 мыңнан астам қонақ жиналды. Ал «Астана» алаңында таңертеңнен кешке дейін 130 мыңнан аса көрермен мерекенің куәсі болды.

Қаланың орталық алаңдары мен саябақтарында ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Alma Fest-2025 Тұңғыш Президент саябағында дүркіреп өтсе, Панфилов көшесі Digital Fest алаңына айналды. Арбат алаңы KitapFest фестивалінің арқасында нағыз әдебиет орталығына айналды. Сонымен қатар, Астана алаңы, Абай алаңы мен «Көктөбе» жотасында ірі концерттер өтті.

Қала күні аясында Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті. Олардың қатарында Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан» ансамблі, Зарина Алтынбаева, Біржан Хасанғали, Бауыржан Мусин, Аружан Данышпан, Ерлан Байназаров, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Il Canto квартеті, «ЖасStars», Александр Лим, Жанболат пен Жазира, Салтанат Бақаева, «Ұлытау», «Бақай», «Сардар» және тағы басқа көптеген әншілер мен топтар бар.

Ал гала-концерттің басты хедлайнерлері – Қайрат Нұртас, TURAR, bellucci, «МузАрт» тобы, Shiza, De Lacure, Adam және Ninety One болды.

Сондай-ақ оқыңыз