Жаңалықтар

ҚМДБ әлеуметтік желідегі «гив» ойындарына қатысты үкім шығарды

ҚМДБ әлеуметтік желідегі «гив» ойындар туралы үкім шығарды / коллаж: kursiv.media

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) әлеуметтік желілерде жиі өткізілетін «гив» (giveaway) ойындарына қатысты шариғат үкімін жариялады.

Гив ұтыстары екі түрлі жағдайда қарастырылады:

1. Егер қатысу үшін тіркелушілерден кіру жарнасы алынса немесе белгілі бір өнімді (кітап, тауар т.б.) сатып алу талабы қойылса, ол құмар ойынға тең саналады. Шариғатта құмар ойындарға қатаң тыйым салынғандықтан, мұндай жағдайда алынған табыс харам болып есептеледі.

2. Егер тіркелушілерден ешқандай ақы алынбаса және ұтыс сыйлықтарын демеушілер қамтамасыз етсе, онда гив ойынын өткізуге рұқсат етіледі. Бірақ мұнда да бірқатар шарттар сақталуы тиіс:

  • Репост жасалатын парақшада шариғатқа қайшы контент болмауы;
  • Ұтысқа тігілетін сыйлық харам саналмайтын болуы;
  • Демеушілердің қаржысы мен ұйымдастырушының ақысы ашық әрі нақты көрсетілуі.

Сонымен қатар ұйымдастырушы тарап қатысушылар санын, шарттарды айқын көрсетуге міндетті. Уәде етілген нәтиже орындалмаса, демеушілердің қаржысын қайтару қажет. Алдау, арбау немесе алаяқтық әрекеттер жасау шариғатқа қайшы саналады.

Ақысыз әрі демеушілер тарапынан қамтамасыз етілген гив ойындары рұқсат етіледі, ал ақылы, өнім сатып алуды талап ететіндері – харам.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚМДБ элеткронды темекіге қатысты үкім шығарған еді.