
Болгарияда өткен қол күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионатында шардаралық 16 жастағы спортшы Ұлболсын Елмұрат сенсациялық жеңіске жетті. Бұл туралы Shardara armsport хабарлады.
Ұлболсын 60 келіге дейінгі салмақта финалда Словакияның 13 дүркін әлем чемпионы Люсия Дебранованы ешқандай мүмкіндік бермей, бірнеше секундта жеңіп шықты.
Қазақстан туы көтеріліп, әнұран шырқалған сәтте жас чемпион көз жасына ерік берді. Бұдан бөлек ерлер арасында бірнеше чемпиондарымыз шықты.
Бір үйден үш чемпион
Әлем чемпионатында алғаш рет бір отбасынан шыққан үш ағайынды бірдей алтын жүлде иеленді. Шардарадан шыққан 14 жастағы Бекнұр, 15 жастағы Азамат және 18 жастағы Әділет Ибрагим өз салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар 16 жастағы Нұрсұлтан Алдан да жеңіс тұғырына көтерілді.
Тағы бір жарқын жетістікке 18 жастағы Ырысты Оразхан қол жеткізді. Финалда Швециядан келген 11 дүркін әлем чемпионы Фия Рейсекті жеңіп, қазақстандық спорт тарихында алтын әріппен жазылатын ерлік жасады.
Осылайша, шардаралық жас спортшылар Болгария төрінде Қазақстанның даңқын аспандатып, ел тарихына ерекше белес қосты.