Жер сілкінісінен кейін Алматы құтқарушылары тұрғындарға ескерту жариялады

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға ескерту жариялады.
Департаменттің мәліметінше, Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан, сондықтан әрбір азамат жер сілкінісіне дайын болуы керек.
Ол үшін алматылықтар жер сілкінісі кезінде отбасылық немесе ұжымдық іс қимыл жоспарын жасауға тиіс.
Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіз орындар
Жер сілкінісінен барынша қорғану үшін үйдегі ең қауіпсіз жерлерді анықтап алу керек. Қауіпсіз орындарға мыналар жатқызылған:
- күрделі ішкі қабырғалардың саңылаулары;
- ішкі қабырғалардан пайда болған бұрыштар;
- ішкі қабырға бағандарының жанындағы орындар.
Сонымен бірге ғимараттан шығудың ең қысқа жолын анықтаған абзал. Жер сілкінісінен кейін мүмкін болса, ғимараттан тез шығып, отбасыңыз жиналатын орынды алдын ала белгілеу керек.
Сонымен бірге жиһаздың жоғарғы сөрелеріне ауыр заттар қоймаған дұрыс.
Биік үйлерде тұратын азаматтар қандай ережені есте сақтауы керек?
Биік үйлерде тұратын алматылықтар мына 10 қарапайым ережені есте сақтауы керек:
- барынша сабырлық сақтап, саспаған жөн;
- жер асты дүмпулері кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбай, жер сілкініп жатқан уақыт өткенше, үйде күткен дұрыс;
- үйде жиһаздан, терезелерден, люстрадан алыстап, қауіпсіз жерге бару керек;
- жасырынатын орынды алдын ала белгілеп қойған дұрыс;
- тек дүмпу тоқтаған соң ғимараттан шыққан жөн;
- су, газ, электр қуатын өшіруді ұмытпаңыз;
- алдын-ала дайындалған «дабыл чемоданын» алу керек;
- ғимараттан шыққаннан кейін де биік нысандар мен электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан алыс жерге бару қажет;
- дүмпулер қайталануы мүмкін екенін естен шығармаған абзал.
«Эвакуациядан кейін зардап шеккен халықты ауқымды төтенше жағдай кезінде орналастырылатын ең жақын қабылдау пунктіне орналастыру қажет. Алматыда зардап шеккен халықты қабылдайтын 384 қабылдау пункті жұмыс істейді», – делінген департамент хабарламасында.
Еске сала кетсек, 21 қыркүйек күні алматылықтар президенттен дабыл хабарламасын алды. Бір қызығы, бұл жер сілкінісін қала тұрғындары сезбеген. ТЖМ артынша хабарлама таратып, расымен жер сілкінісі болғанын растады. Жерасты дүмпулерінің ошағы Алматыдан 9 км жерде тіркелген.