Жаңа iPhone 17 иелері смартфоннан кінәрат тапты

Жаңа iPhone 17 иелері смартфоннан кінәрат тапты. Қолданушылардың айтуынша, жаңа құрылғы тез сырылып, өңі кетіп қалады.
Жаңадан алынған құрылғы сатып алған соң, 1-2 сағаттан кейін сырылып, бүліне бастаған. Пайдаланушылардың айтуынша, әсіресе, қара түсті Pro және Air модельдерінің сырты тез бүлінеді. Осыған орай #Scratchgate хэштегі бойынша TikTok пен басқа платформаларда видеолар жиналып, миллиондаған қаралым жинаған.
Алғашқы шағымдар Қытай мен АҚШ-та тұратын пайдаланушылардан келіп түскен. Apple дүкендеріндегі демонстрациялық үлгілер небәрі бір күннің ішінде сырылып, бүлініп үлгерген. Әсіресе, қою көк түсті iPhone 17 Pro корпусында күміс түсті сызаттар байқалған.
Сонымен бірге қолданушылар Ceramic Shield артқы панелінде MagSafe қуаттағышынан дөңгелек іздер қалатынын айтып шағымданған.
Apple бұл модельдерде анодталған алюминий қолданған. Бұған дейінгі iPhone 15 Pro титаннан жасалған болатын. Бұл әлдеқайда берік материал саналады.
Жалпы сарапшылар компанияның алюминийді пайдалануын «дизайн жасаудағы қате шешім» деп бағалаған.
Айта кетейік, Жаңа iPhone 17-нің бағасы Қазақстанда 625 мыңнан басталады. Ең қымбаты – iPhone 17 Pro Max 2TB – 1 574 990 теңге тұрады. Жалпы, қазақстандықтар, бұл смартфонды алу үшін орта есеппен 37 күн жұмыс істеуі қажет екен. Бұл шамамен бір жарым айлық жалақының көлеміне тең.