
Алматы мен Оңтүстік Кореяның Кёнсан-Намдо провинциясы жедел саты өндірісі мен білім беру саласын дамыту бойынша келісімге қол қойды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдік мәліметінше Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Корея Республикасының Кёнсан-Намдо провинциясының губернаторы Пак Ван Сумен ресми кездесу өткізген. Бұл кездесуде үш негізгі меморандумға қол қойған.
Оған сәйкес тараптар мынадай салаларды бірлесіп дамытады:
- серіктестік орнатып тәжірибе алмасады;
- жедел саты саласын бірлесе дамытады;
- шетелдік студенттер тарту бойынша жұмыстар жүргізеді.
«Бұл құжаттар іскерлік қарым-қатынасты бекемдеуге, жоғары технология мен білім беру саласында ортақ жобаларды жүзеге асыруға және тәжірибе алмасуға жол ашады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Дархан Сатыбалды Оңтүстік Корея елімен білім беру бағытындағы әріптестіктің ерекше маңызы бар екенін атап өтіп, бұл елдің шетелдік студенттер үшін ең қолайлы мемлекет екенін айтқан.
«Біз білім саласындағы байланысты нығайтуға мүдделіміз. Сіздің делегацияңызбен бірге Чанвон университеті мен Корея жедел саты индустриясы университетінің ректорларының келуі осы бағыттың маңызын айғақтайды. Әсіресе, инженерлік-техникалық және IT салалары біз үшін аса маңызды. Бұл мамандықтар Алматы мен Қазақстан экономикасын дамытуда стратегиялық мәнге ие», – деді Сатыбалды.
Сондай-ақ әкім Алматы мен Оңтүстік Корея арасындағы байланыс қарқынды дамып жатқанын, қалаға Кореядан 10 мыңнан астам турист келгенін де атап өткен.
Ал Пак Ван Су Кёнсан-Намдо провинциясының Алматымен өзара ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізіп, еркін экономикалық аймақ аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілетінін айтқан.