
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына 1,42 млрд теңге айыппұл салынды. Компанияның монополиялық жағдайын теріс пайдаланған. Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы департаменті хабарлады.
Компанияға қатысты тергеу Қазақстан Республикасы Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Қырғыз Республикасы Экспедиторлар қауымдастығының және бірқатар көлік-экспедиторлық компанияларының өтініші бойынша басталған.
Агенттік тексеріс барысында компанияның расымен де монополиялық жағдайын теріс пайдаланып, жүк тасымалдау жоспарын келісу барысында аффилиирленген компаниялар – «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ-ына артықшылық беретіні анықталған. Бұл өтініш түсірген экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергі келтірген.
«Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 1,42 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Соттың бұл шешіміне қарсы компания апелляциялық шағым түсірген. Алайда 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астана қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Еске сала кетсек, агенттік ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-не тексеріс жүргізіп, нәтижесінде HILL Corporation ЖШС-мен бәсекелестікке қарсы келісім жасағанын анықтаған болатын. «ҚТЖ-ЖТ» әлеуеті жететін жеткізушілерді лайықты көрмей, келісімшарттарды осы компанияға лайықтап жасап, 12 млрд теңгеге шарт жасасқан. Мұнда да компания агенттіктің әрекетін заңсыз деп сотқа шағым түсірген. Сот БҚДА әрекетін заңды деп тапқан.