«Самұрық-Энергодан» 8,5 млрд теңге ұрлаған күдікті елге экстрадицияланды

«Самұрық-Энергоның» еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңге ұрлаған күдікті Ресейден елге экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Ресей Федерациясынан бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінген азамат экстрадицияланды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Күдікті 2020-2022 жылдар аралығында құрылыс компаниясын басқарған. Сол аралықта ол бір топ адамдармен алдын-ала келісіп, жалған шарттар жасау арқылы алаяқтық жасаған деген күдікке іліккен. Экстрадицияланған азамат аффилирленген компаниялар арқылы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.
Бұл қаражатқа Ақмола облысында жел электр станциясын салу қажет болған.
Қаражатты жымқырған соң, жасырынып қалып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
Ал осы жылдың ақпан айында күдіктінің Ресей Федерациясының аумағында жүргені анықталып, ұсталған. Оған Бас прокуратура сұрау салып, елге экстрадициялау туралы шешім қабылдаған.
Бұл қылмысқа қатысы бар басқа тұлғаларға қатысты сот үкімі шығып қойған. Олар мамыр айында әртүрлі мерзімге сотталған.
Ал күдікті мұндай қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетсек, осы жылдың маусым айында 31 млн теңге ұрлап, Ресейде бой тасалаған банк менеджері елге қайтарылғаны хабарлаған болатын. Сонымен бірге Ресейден 20 жыл бойы іздеуде жүрген, есірткі тасымалына қатысы бар азамат қайтарылды.