
Асхат Аймағамбетов мектепте оқушылардың смартфон ұстауына тыйым салу мәселесін көтерді. Депутат телефонның оқушылардың сыни ойлауына кедергі келтіретінін айтып, шетел тәжірибесін мысал ретінде келтірді.
«Соңғы кездері мен мектептерде смартфондарды шектеу туралы мақалалар мен талқылауларды жиі көріп жүрмін. Бұл мәселе расында көңіл аудартпай қоймайды», – дей келе Аймағамбетов The Times газетіне шыққан Ұлыбританияның білім сапасы жөніндегі инспекциясы (Ofsted) басшысының білім сапасына қатысты мақаласына тоқталған.
Инспекция басшысы білім сапасын көтеру үшін бірінші кезекте телефондарға толық тыйым салу қажет екенін айтқан. Оның айтуынша, смартфондар адамды әр нәрсеге бір алаңдатып, ойын бөледі, сыни ойлауға кедергі жасайды, балалардың ата-аналармен және бір-бірімен қарым-қатынас сапасын төмендетеді, тәуелділік пен психикалық денсаулыққа қауіп төндіреді.
Депутат мақала авторы көтерген бұл мәселенің біздің елде де өзекті екенін айтқан. Осындай қиындықтар тудыратынына байланысты бірқатар елдің мектептерінде смартфондарға шектеулер енгізілгенін де атап өтті.
«Айтпақшы, Ұлыбритания мектептерінің барлығы дерлік смартфонды пайдалануға ішінара шектеулер енгізген. Мұндай шаралар Франция мен Италиядан, Нидерланды мен Швецияға дейін көптеген Еуропа елдерінде енгізілген», – дейді депутат.
Еске сала кетсек, мектеп оқушыларына смартфон ұстауына тыйым салу мәселесін Аймағамбетов қыркүйек айының басында көтерген болатын. Депутат мектептерде смартфонға тыйым салған Назарбаев Зияткерлік мектептері басшылығының бастамасын қолдаған.