Су министрлігі 2 мыңға жуық гидротехникалық нысанды мемлекет меншігіне қайтармақшы

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстандағы 13 гидротехникалық нысанды жөндеуге 20 млрд теңге жұмсалады / Фото: shutterstock
Жыл соңына дейін 120 гидротехникалық нысан мемлекетке қайтарылады / Фото: shutterstock

Су министрлігі 2 мыңға жуық гидротехникалық нысанды мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін 120-ға жуық жекенің қолына өткен гидротехникалық нысан республикалық меншікке өтеді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен облыс әкімдіктері гидротехникалық нысандарды коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың балансына беру бойынша жол карталарын әзірлеген. Нысандар осы кәсіпорындардың балансына беріледі.

Жол картасына сәйкес, нысандар мынадай кезеңдерде кәсіпорындардың меншігіне қайтарылады:

  • жыл соңына дейін 120 нысан;
  • 2026 жылы – 245 нысан;
  • 2027 жылы – 465 нысан;
  • жалпы 1937 нысан кәсіпорындар балансына өтеді.

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі күні елде коммуналдық гидротехникалық құрылыс жайларды басқару және пайдалану жөніндегі 16 мамандандырылған ұйым жұмыс істейді. Олардың 10-ы 2024–2025 жылдары жаңадан құрылған. Бүгінде бұл мекемелердің балансына 872 гидротехникалық нысан қабылданған.

«Жаңа мекемелер Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында ашылды. Бұл мамандандырылған ұйымдардың басты міндеті – гидротехникалық нысандарды қауіпсіз пайдалану, олардың техникалық жағдайын сақтау және уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізу», – дейді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Айта кетейік, Үкімет елдегі елдегі 130-ға жуық гидротехникалық нысанды жөндеуді көздеп отыр. Оларды жаңғыртуға 280 млрд теңге бөлінетіні айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз