
Алматы облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өрт толғымен сөндірілді. Бұл туралы Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің парақшасында хабарланды.
«Алматы облысындағы ҚТҚ полигонындағы өрт толықтай сөндірілді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, полигондағы өрт 15 қыркүйекте басталған болатын. 10 метр тереңдікте бықсып жанған өртті сөндіру оңай болмады. Сонымен бірге өрт ошағына техниканың баруы да қиындаған. Терең жерде жанып жатқандықтан, қоқыстың беткі қабатының опырылу қаупі туындаған.
Көк түтінге байланысты Төтенше жағдай жарияланды
Сол себепті бұл жұмысқа басқа өңір құтқарушылары жұмылдырылды. Атап айтқанда, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен бөлек, өртті сөндіруге Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстарының, Абай және Жетісу облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінің күштері мен құралдары, 28237, 52859 және 68303 әскери бөлімдері, сонымен қатар ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары да қатысты.
Бірнеше күнге созылған өртке байланысты полигон маңында орналасқан Алатау қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Ал сенбі, 20 қыркүйек күні Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің оқшауланғанын хабарлады.